Александр Бублик ATP турнирлеріндегі сегізінші титулын жеңіп алды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның бірінші, әлемнің 19-ракеткасы Александр Бублик Чанчжоу (Қытай) АТР 250 турнирінде үздік шықты. 

Александр Бублик
Фото: ktf.kz

Жарыстың 3-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші финалда дүниежүзілік рейтингіде 88-орында тұрған франциялық Валентен Руаемен чемпиондық атақты сарапқа салды.

Тартысты өрбіген бірінші партияда Бублик тай-брейкте қарсыласын тықсыра білді — 7:6 (7:4).

Екінші сетте де дәл осындай есеп тіркелді ' 7:6 (7:4).

Бір сағат 53 минутқа созылған бәсекеде Александр Бублик 21 эйс жасады. Франциялық теннисші 8 эйстен аса алмады. Екеуі де 2 брейк-пойнтты пайдалана алмады.

Осылайша, Александр Бублик спорттық жолында ATP турнирлеріндегі сегізінші титулына қол жеткізді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің Қытайдағы турнирде бас жүлде үшін таласатынын жазған едік

Соңғы жаңалықтар