Александр Бублик Аустралия ашық чемпионатын жеңіспен бастады

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның бірінші, әлемнің 10-ракеткасы Александр Бублик Аустралия ашық чемпионатының екінші айналымына шықты.

Александр Бублик Аустралия ашық чемпионатын жеңіспен бастады
Фото: ҚТФ

Қазақстандық теннисші бастапқы кездесуін әлемнің 48-ракеткасы, америкалық Дженсон Бруксбимен өткізді.

Жылды Гонконг турниріндегі чемпиондық атақпен бастаған А.Бублик бұл жолы бірінші партияда 2:0 есебімен алға кетіп, сол басымдылығын сақтап қалды – 6:4. Екінші сет те осындай бағытта өрбіді – 6:4. Үшінші, партияда Бублик тағы да 2:0 есебімен алға шыққанымен, Бруксби таразы басын теңестіре алды – 2:2. Дегенмен есеп 4:4 болған мезетте Бублик тағы бір брейкке қол жеткізді. Сосын матчқа доп бергенде, қателескен жоқ – 6:4. Екі сағат 4 минутқа созылған бәсекеде А.Бублик 12 эйспен бірге 11 брейк-пойнттың төртеуін өз есебіне жазды. Бруксби 4 эйс, 1 брейкпен (8 брейк-пойнт) шектелді.

Александр Бублик үшінші айналымға шығу үшін әлемнің 55-ракеткасы, мажарстандық Мартон Фучовичпен таласады. Ол алғашқы айналымда әлемнің 47-ракеткасы, аргентиналық Камило Уго Карабельиді жолдан тайдырды – 7:6 (7:5), 6:1, 6:2. 

Бублик үшінші айналымға өтсе, әлемнің 22-ракеткасы, италиялық Флавио Коболлимен кездесуі мүмкін еді. Алайда Ф.Коболли бүгін күтпеген жерден әлемдік рейтингіде 185-орындағы америкалық Артур Фериден ұтылып қалды – 6:7 (1:7), 4:6, 1:6. Сондықтан А.Бублик барынша сәтті ойнаса, қаржылай табысқа қоса рейтингілік ұпай қорын да толықтыра алады. Қазақстандық теннисші өткен жылы алғашқы айналымнан аса алмаған болатын. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Аустралия ашық чемпионатында Юлия Путинцеваның сенсация жасап, жеңіске жеткенін жазған едік. 

Сондай-ақ Заңғар Нұрланұлы қазақстандықтардан алғаш рет Аустралиядағы турнирдің ширек финалына шықты.

Соңғы жаңалықтар