Александр Бублик: Ел намысын қорғау – үлкен жауапкершілік

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан құрамасының теннисшісі, ATP әлемдік рейтингінің алғашқы ондығына енген Александр Бублик мансабындағы психологиялық тұрғыдан ең күрделі ойындардың бірі ретінде Дэвис кубогын атады. Бұл туралы ол Kazinform агенттігінің тілшісіне берген сұхбатында айтты.

Александр Бублик
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Александр Бублик бұл ойын медиа өкілдерімен өткен жабық форматтағы meet & greet кездесу барысында бөлісті.

Спортшының айтуынша, командалық турнирдегі негізгі қысым ел намысын қорғау жауапкершілігімен тікелей байланысты.

– Дэвис кубогында сен өзің үшін емес, ел үшін ойнайсың. Бұл маған оңай болмады. Нақты осы жауапкершілікке байланысты ішкі қысымды қатты сезінемін, – деді ол.

Оның айтуынша, қоғамдық сынға онша мән бермегенімен, ішкі жауапкершілік үнемі сезіледі.

– Сынға сабырмен қараймын, шыны керек, аса мән бермеймін. Бірақ ел үшін ойнаудың жауапкершілігін сезінемін, – деді теннисші.

Александр Бублик соңғы жылдары Дэвис кубогы аясындағы нәтижелері ATP турындағы жетістіктерімен салыстырғанда төмен екенін де жасырмады.

– Осы уақыт ішінде мен рейтингтің алғашқы ондығына ендім, ATP турнирлерінде бірнеше титул жеңіп алдым. Бірақ Дэвис кубогында жеңістерім болған жоқ. Бұл, әрине, белгілі бір деңгейде қиындық тудырады, – деп мойындады ол.

Соған қарамастан, теннисші ұлттық құрама сапында ойнауды өз міндеті санайтынын атап өтті.

– Менің келмей қоюыма да болатын еді. Бірақ бұл маған тән әрекет емес. Қазақстан үшін ойнауды өз борышым деп есептеймін, – деді Александр Бублик.

Спортшы мансаптық өсуі мен әлемдік рейтингтің үздік ондығына енуі туралы айтып, шешуші кезең ретінде бұрынғы «жайлы аймақтан» шығуды және мүмкін болатын құлдырауды қабылдауды атады.

– Рейтингтегі 30-40-орындар мен үшін ыңғайлы болды. Ол жерде қысым аз. Ал алғашқы жүздіктен шығып қалған кезде, нәтиже үшін күрессіз теннис ойнау қызық емес екенін түсіндім, – деді ол.

Оның айтуынша, өзгерістерге саналы дайындық пен жаттығу процесіне деген көзқарастың өзгеруі әсер еткен.

– Бұл сиқырлы таяқшаның бір сілтеуі емес. Қосымша жауапкершілік пайда болды, мен соны жаттығу кезінде игере алдым, – деп атап өтті спортшы.

Алдағы мақсаттары туралы сұраққа жауап берген Александр Бублик өзін алғашқы ондықтың ойыншысы деп атауға әлі ерте екенін жеткізді.

– Алғашқы ондыққа кіру – бір бөлек, сол жерде бірнеше жыл бойы тұрақтап қалу – мүлде басқа дүние. Сондықтан өзімді ТОП-10 ойыншысымын деп айта алмаймын, – деді ол.

Алдағы күндері Александр Бублик Қазақстан құрамасы сапында Монако командасына қарсы Дэвис кубогының матчтарына қатысады.

6-7 ақпан күндері Астанада ерлер ұлттық құрамасы аталған қарсыласқа қарсы ойын өткізеді.

Егер Қазақстан құрамасы жеңіске жетсе, команда Дэвис кубогының бірінші әлемдік тобына жолдама алады. Дэвис кубогы – ерлер арасындағы теннистен командалық әлем чемпионатына тең жарыс саналады.

Айта кетейік, бұған дейін Александр Бубликтің Australian Open турниріне қатысқаны хабарланған болатын.

Соңғы жаңалықтар