Александр Бублик Майами турнирінде жарыс жолынан шығып қалды

Қазақстандық теннисші үшінші айналымда әлемнің 8-ракеткасы, норвегиялық Каспер Руудпен күш сынасты.
Биыл 5 наурызда А.Бублик Ослода Норвегияның бірінші ракеткасын 6:4, 5:7, 6:4 есебімен ұтып, Дэвис кубогының іріктеу ойынында Қазақстан құрамасына жеңіс әперген болатын.
Бұл жолы матч басқаша өрбіді. Бірінші сетте есеп 4:3 болған мезетте К.Рууд брейк жасап, сосын өз геймін де ала білді – 6:3.
Екінші партияда норвегиялық теннисші 4:0 есебімен алға кетті. Содан кейін өз мүмкіндігін жіберген жоқ – 6:2.
Бір сағатқа созылған бәсеке барысында А.Бублик 5 эйспен ғана көзге түсті. Қарсыласы 3 эйспен бірге 7 брейк-пойнттың үшеуін пайдалана алды.
К.Рууд ширек финалға шығу үшін әлемнің 12-ракеткасы, ұлыбританиялық Кэмерон Норримен таласады.
Осылайша Майами додасында Қазақстаннан Елена Рыбакина ғана қалды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Михаил Кукушкиннің Майами турнирінің үшінші айналымына шыға алмағанын, Денис Евсеевтің Швейцариядағы жарысты сәтті бастағанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Юлия Путинцева әлемнің алтыншы ракеткасына жол берді.