Александр Бублик Монте-Карло мастерс турнирінде ұтылып қалды

АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 53-ракеткасы Александр Бублик Монте-Карло (Монако) мастерс турнирінің екінші айналымына шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
Photo: championat.com

Қазақстандық теннисші алғашқы айналымда әлемнің 16-ракеткасы, германиялық Александр Зверевпен шеберлік байқасты.

Бірінші партияда А.Бублик 6:3 есебімен басым түсті.

Екінші сетте А.Зверев 3:1 есебімен алға шыққанымен, қазақстандық спортшы қайыра брейк жасады. Алайда Зверев қайтадан есепті 4:2-ге жеткізді. Сосын тағы бір брейкпен бітірді – 6:2.

Үшінші, шешуші сетте германиялық спортшы алға кетті – 3:1. Дегенмен Бублик сол бойда таразы басын теңестірді – 3:3. Ақыры Зверев матчты брейкпен түйіндеді – 6:4.

Екі сағатқа созылған тартысты бәсеке барысында А.Бублик 7 эйс жасап, 6 брейк-пойнттың төртеуін пайдаланды. Қарсыласы 3 эйс, 6 брейкпен (17 брейк-пойнт) көзге түсті.

А.Зверев екінші айналымда әлемнің 29-ракеткасы, испаниялық Роберто Баутиста-Агутпен кездеседі. Ол бастапқы кездесуінде сербиялық Филип Краиновичті 5:7, 7:6 (12:10), 6:1 есебімен тізе бүктірді.

Жекелей сындағы жүлде қоры 5,7 млн АҚШ долларына бағаланған Монте-Карло жарысы 16 сәуірде мәреге жетеді.

Өткен жылы мұнда грекиялық Стефанос Циципас жеңімпаз атанса, А.Бублик екінші айналымнан аса алмаған еді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстан теннис құрамасының Польшамен өтетін матчқа дайындықты бастағанын жазған едік.

Александр Бублик әлемдік рейтингіде ТОП-50-ге жақындады.

Ярослава Шведова Польшамен матчта жеңіске жетіп, өткен жылғы нәтижені қайталағысы келетінін айтты.


Соңғы жаңалықтар