Александр Бублик Paris Masters турнирінде жеңіліп қалды

Қазақстандық спортшы алғашқы айналымда дүниежүзілік рейтингіде 74-орында тұрған швециялық Микаэль Имермен кездесті.
А.Бублик матчты брейкпен бастағанымен, одан кейін қатарынан алты геймді қарсыласына беріп қойды – 1:6.
Тартысты өрбіген екінші сетте қазақстандық теннисші тай-брейкте көздегенін түсіріп, ширақтық танытты – 7:6 (7:2).
Үшінші, шешуші партияда есеп 4:5 болған мезетте А.Бублик доп бергенде қателікке бой алдырды.
Екі сағат 10 минутқа созылған бәсеке барысында А.Бублик 16 эйс жасап, 8 брейк-пойнттың біреуін ғана пайдаланды. Қарсыласы 1 эйс, 4 брейкпен (11 брейк-пойнт) көзге түсті.
М.Имер екінші айналымда әлемнің 8-ракеткасы, канадалық Феликс Оже-Альяссиммен шеберлік байқасады.
Өткен жылы осы мастерс жарысында А.Бублик екінші айналымнан аса алмаған еді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық теннисші қатысатын WTA қорытынды турнирінің жеребесі тартылғанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Александр Бубликтің Париж мастерс турниріндегі қарсыласы анықталғанын хабарлаған едік.