Александр Бублик Париж мастерс жарысын жеңіспен бастады
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның бірінші, әлемнің 16-ракеткасы Александр Бублик Париж (Франция) мастерс турнирінің екінші айналымына шықты.
Жарыстың 13-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші алғашқы айналымда дүниежүзілік рейтингіде 47-орында тұрған аустралиялық Алексей Попыринмен кездесті.
Бірінші партияны Бублик брейкпен аяқтай алды — 6:4. Ол екінші сетте де есесін жіберген жоқ — 6:3.
Бір сағат 14 минутқа созылған матчта А.Бублик 13 эйспен бірге 5 брейк-пойнттың үшеуін пайдаланды. Попырин 3 эйс, 1 брейктен (4 брейк-пойнт) аса алмады.
Александр Бублик үшінші айналымға шығу үшін әлемнің 32-ракеткасы, франциялық Корентен Муте немесе рейтингіде 52-сатыдағы америкалық Райлли Опелканың қай жеңгенімен шеберлік таластырады.
Париж мастерс додасының жүлде қоры биыл 6 млн 128,940 мың еуроға бағаланған. 2 қарашада мәресіне жететін жарыстың жекелей сындағы жеңімпазы 946,610 мың еуро табыс табады.
Өткен жылы мұнда финалда франциялық Уго Умберді ұтқан германиялық Александр Зверев чемпион атанды. Ал А.Бублик екінші айналымнан аса алмаған еді.
Дүйсенбі күні жаңартылған ATP рейтингісінде 16-орнын сақтап қалған қазақстандық теннисші Парижде сәтті өнер көрсетсе, одан да жоғары сатыға көтеріле алады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Путинцеваның Қытайдағы турнирде қарсыласын ойсырата жеңгенін жазған едік.