Александр Бублик Штутгарттағы турнирде германиялық теннисшіден есе қайырды
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның бірінші, әлемнің 11-ракеткасы Александр Бублик Штутгарт (Германия) ATP 250 турнирінің ширек финалына жолдама алды.
Штутгартта үшінші ракетка болып тіркелген қазақстандық теннисші жарысты екінші айналымнан бастады.
А.Бублик әлемнің 77-ракеткасы, германиялық Ян-Леннард Штруфқа тап келді. Бублик үшін Штруфф қолайсыз қарсыластардың бірі деуге болады. Осыған дейін өзара сегіз рет кездесіп, соның бесеуінде германиялық спортшы жеңген.
Мұның алдында Ролан Гаррос турнирінің алғашқы айналымында Бублик Штруфтан күтпеген жерден ұтылып, қапы қалған еді.
Бұл жолы бірінші партияда тай-брейкте Александрдың асығы алшысынан түсті – 7:6 (7:3). Екіншісінде жергілікті теннисші қарымта қайырды – 6:3.
Дегенмен үшінші, шешуші сетте Бублик 3:0 есебімен алға кетті. Ақыры матчты тағы бір брейкпен түйіндеді – 6:2.
Бір сағат 43 минутқа созылған тартысты бәсекеде А.Бублик 22 эйспен бірге 7 брейк-пойнттың екеуін пайдаға асырды. Штруфф 17 эйс, 1 брейкпен (3 брейк-пойнт) шектелді.
Александр Бублик жартылай финалға шығу үшін рейтингіде 93-орындағы франциялық Джованни Мпетчи Перрикармен таласады.
Штутгарт додасының жүлде қоры 768 220 еуроға бағаланған. Жеңімпаз 116 855 еуро табыс тауып, 250 рейтингілік ұпайға қол жеткізеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Шевченконың Словакиядағы турнирді сәтті бастағанын жазған едік.
Сондай-ақ Анна Данилина Лондон турнирінің ширек финалына шықты.