Александр Недовесов Испаниядағы турнирдің ширек финалына жолдама алды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 46-ракеткасы Александр Недовесов Жирона (Испания) челленджер турнирінің ширек финалына жолдама алды. 

Недовесов
Фото: ktf.kz

Жарыстың 1-ракеткалары болып тіркелген А.Недовесов пен эквадорлық Гонсало Эскобар бастапқы кездесуін швециялық Филип Бергеви – нидерландылық Мик Велдхеермен өткізді. Қазақстандық-эквадорлық жұп сағат жарымға созылған бәсекеде 6:3, 4:6, 10:3 есебімен жеңіске жетті. Олар 3 эйспен бірге 4 брейк-пойнттың тең жартысын пайдаланды.

А.Недовесов – Г.Эскобар жартылай финалға шығу үшін германиялықтар Якоб Шнайттер – Марк Валлнермен таласады.

Тағы бір қазақстандық, әлемнің 184-ракеткасы Денис Евсеев жекелей сында іріктеу сайыстарынан сәтті өткенімен, негізгі жарыста рейтингіде 300-сатыдағы испаниялық Хавьер Косано Барранкодан ұтылып қалды – 0:6, 6:0, 2:6.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Майамиде Елена Рыбакинаның әлемнің 9-ракеткасын жеңіп, жартылай финалға шыққанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар