Александр Шевченко Аустралиядағы турнирдің ширек финалына шықты
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның екінші, әлемнің 104-ракеткасы Александр Шевченко сенсация жасап, Аделаида (Аустралия) ATP 250 турнирінің ширек финалына өтті.
Қазақстандық теннисші екінші айналымда әлемнің 55-ракеткасы, мажарстандық Мартон Фучовичпен бетпе-бет келді.
Фучович фаворит саналғанымен, Шевченко бірінші партияны өз есебіне жазды – 6:3. Тартысты өрбіген екінші сетте А.Шевченко тай-брейкте шеберлігінің басым екенін байқатты – 7:6 (8:6).
Бір сағат 43 минутқа созылған бәсекеде Шевченко 9 эйспен бірге 10 брейк-пойнттың біреуін пайдаланды. Фучович 7 эйс жасағанымен, 3 брейк-пойнттан ештеңе шығара алмады.
Александр Шевченко жартылай финалға шығу үшін әлемнің 36-ракеткасы, франциялық Уго Умбермен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Юлия Путинцеваның Аустралиядағы жарыстың екінші айналымына шыққанын жазған едік.