Александр Шевченко Братислава турнирінің жартылай финалына шықты
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның екінші, әлемнің 100-ракеткасы Александр Шевченко Братислава (Словакия) челленджер турнирінің жартылай финалына өтті.

Жарыстың 1-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші ширек финалда дүниежүзілік рейтингіде 287-орында тұрған италиялық Федерико Чинаның меселін қайырды.
Бірінші партияда Шевченко тай-брейкте ептілік танытты – 7:6 (7:3). Екінші сетте 6:4 есебі тіркелді.
Бір сағат 35 минутқа созылған бәсекеде А.Шевченко 5 эйспен бірге 11 брейк-пойнттың алтауын өз есебіне жазды. Чина 5 брейкпен (10 брейк-пойнт) ерекшеленді.
Александр Шевченко финалға шығу үшін әлемнің 124-ракеткасы, франциялық Валентин Ройе немесе рейтингіде 288-сатыдағы германиялық Марко Топоның қай жеңгенімен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің Лондон ATP 500 турниріне шақырту алғанын жазған болатынбыз.