Александр Шевченко Дубайда жарыстың 1-ракеткасына жол берді

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның екінші, әлемнің 47-ракеткасы Александр Шевченко Дубай АТР 500 турнирінің екінші айналымына шыға алмады.

Роттердамда сенсация: Александр Шевченко әлемнің 7-ракеткасын ұтты
Фото: sports.kz

Қазақстандық теннисші алғашқы айналымда әлемнің 4-інші, осы жарыстың 1-ракеткасы, 2021 жылғы АҚШ чемпионатының жеңімпазы, ресейлік Даниил Медведевке тап келді.
Бірінші партияда ресейлік спортшы 6:3 есебімен басым түсті.

Екінші сетте А.Шевченко 5:3 есебімен алға шыққанымен, сол басымдылығын сақтай алмады.

Бұдан кейін Д.Медведев қатарынан төрт геймді алды – 7:5. 

Сағат жарымға жуық уақытқа созылған бәсеке барысында қазақстандық спортшы 6 эйспен бірге 4 брейк-пойнттың тең жартысын пайдаланды. Д.Медведев 2 эйс, 5 брейкке (9 брейк-пойнт) қол жеткізді.

Тағы бір қазақстандық Александр Бублик жұптық сында франциялық Адриан Маннариномен бірге үндістандық Юки Бхамбри – нидерландылық Робин Хасеге 7:6 (8:6), 3:6, 8:10 есебімен есе жіберіп, ширек финалға өте алмады.

Дегенмен А.Бублик жекелей сында жарысты жалғастырады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бублик Дубай АТР 500 турнирінің екінші айналымына өткенін жазған едік.


Соңғы жаңалықтар