Александр Шевченко Словакиядағы турнирдің жартылай финалына өтті
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның екінші, әлемнің 97-ракеткасы Александр Шевченко Братислава (Словакия) челлендер турнирінің жартылай финалына жолдама алды.
Жарыстың 1-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші ширек финалда рейтингіде 312-орындағы чехиялық, 18 жастағы Максим Мрваны сынап көрді.
Тартысты өрбіген бірінші партияда А.Шевченко тай-брейкте таразы басын аудара білді - 7:6 (11:9). Екінші сетте Александр бет қаратпады - 6:0.
Сағат жарымға жуық уақытқа созылған бәсекеде Шевченко 4 эйспен бірге 4 брейк-пойнттан шашау шығарған жоқ. Мрва 1 эйс, 1 брейкпен (6 брейк-пойнт) шектелді.
Александр Шевченконың жартылай финалдағы қарсыласы кейін белгілі болады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Анна Данилинаның Лондон турнирінің ширек финалына шыққанын жазған едік.
Сондай-ақ Александр Бублик жұптық сында Штутгарт турнирін жеңіспен бастады.