Әлем чемпионаты: Норвегия футбол құрамасы Италияны ірі есеппен жеңді
АСТАНА. KAZINFORM — Футболдан 2026 жылғы әлем чемпионатында Еуропа құрлығы бойынша іріктеу кезеңінде Норвегия құрамасы Италияны ірі есеппен жеңді.

Іріктеу кезеңінде І тобында сынға түсіп жатқан Норвегия өз алаңында Италияны қабылдады.
Ойын барысында норвегиялық Александр Сёрлот 14, Антонио Нуса 34, Эрлинг Холанд 42-минутта мергендік танытты.
Осылайша Норвегия қарсыласын 3:0 есебімен жеңді.
Аталған топта Эстония өз алаңында Израильге 1:3 есебімен есе жіберді.
Бұл топта алғашқы үш турда ұпай жоғалтпаған Норвегия 9 ұпаймен көш басында тұрса, одан кейінгі орындағы Израильде 6, Эстонияда 3 ұпай бар. Әзірге Италия мен Молдова бірде-бір ұпай ала алған жоқ.
Сондай-ақ Қазақстан құрамасы бақ сынап жатқан J тобында Уэльс құрамасы Лихтенштейнді 3:0 есебімен жеңсе, Солтүстік Македония мен Бельгия 1:1 есебімен тең ойнады. Бұл турға қазақстандық футболшылар қатысқан жоқ.
Екі турдан кейін 4 ұпаймен Солтүстік Македония мен Уэльс көш басында келе жатса, Қазақстан 3 ұпай еншіледі. Ал Лихтенштейннің ұпай ала алмаса, Бельгия алғашқы ойынын бүгін өткізеді.
Тағы екі ойын L тобында өтті. Бұл топта Гибралтар құрамасы Хорватияға 1:7 есебімен есе жіберсе, тағы бір кездесуде Чехия құрамасы Черногорияны 2:0 есебімен сүріндірді.
Іріктеу кезеңі ойындары бүгін де жалғасады.
Дүбірлі додада алғаш рет 48 құрама бақ сынайды. Оның 16-сы Еуропа, 8-і Азия, 9-ы Африка, 6-ауы Солтүстік Америка, 6-ауы Оңтүстік Америка құрлығына бөлінсе, 1-еуі мұхит аймағы елдеріне қаралған. Ал 2 жолдама плей-офф сатысы арқылы анықталады.
Айта кетсек, футболдан әлем чемпионатына шыққан құрамалар саны 10-ға жетті.
Қазірге дейін АҚШ, Канада, Мексика, Жапония, Жаңа Зеландия, Иран, Аргентина, Иордания, Өзбекстан, Оңтүстік Корея құрамалары 2026 жылғы әлем чемпионатына қатысатыны белгілі болды.