Әлем чемпионатына іріктеу: Қазақстан құрамасы Бельгиямен тең түсті

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы 2026 жылғы әлем чемпионаты іріктеу кезеңіндегі сегізінші ойынын елордада Бельгияға қарсы өткізді.

Әлем чемпионатына іріктеу: Қазақстан құрамасы Бельгиямен тең түсті
Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

Кездесу барысында алғашқы минуттан бельгиялық футболшылар жылдам гол соғу мүмкіндігін іздеді. Оған отандастарымыз лайықты тосқауыл қоя білді. Есесіне қарсы шабуылға шығып, қарсыластар қақпасы маңында жиі бой көрсетті. Алаң ортасында бельгиялық футболшылар қателікке жол берді. Осындай мүмкіндікті қалт жібермеген қазақстандық жас шабуылшы Дастан Сәтпаев 9-минутта Бельгия қақпасынан саңылау тауып кетті.  

Бұл – 17 жастағы жас футболшының құрама сапында соққан алғашқы голы. Дастан Сәтпаев ұлттық құрама сапындағы алғашқы ойынын 2025 жылдың 19 наурызында Кюрасао құрамасы қарсы кездесуінде жасады. Қазірге дейін 6 ойын өткізіп үлгерді.

Өз қақпасына гол өткізіп алған бельгиялық футболшылар таразы басын теңестіруге ұмтылды. Ойын тізгінін көбірек қолға ұстауға тырысқан олар Темірлан Анарбековті жиі мазалай бастады. Десе де отандастарымыз оған мойыған жоқ. Қолайлы сәтте алға қарай ұмтылып, жанкүйерлер көңілінен шығатын ойын көрсетуге тырысты. 

Екінші кезеңде бельгиялық құрама бірден алға қарай ұмтылды. Ойынның 48-минутында әріптесі Тимоти Кастаньның әуелете берген пасын Ханс Ванакен голға айналдыра білді. Одан кейін де қарсылас құрама белсенділігін арттыра түсті. Кездесу 1:1 есебімен етң аяқталды.

Айта кетсек, 2006 жылғы Еуропа чемпионаты іріктеу кезеңінде Бельгиямен (0:0, 2:2) екі мәрте тең ойнаған еді.

Ойынның 77-минутында қазақстандық Ислам Чесноков дөрекі әрекетіне байланысты бірден қызыл қағаз алып, алаңнан қуылды. Осылайша Қазақстан құрамасы әлем чемпионаты іріктеу кезеңінд ойындарын аяқтады. Ал Бельгия енді алдағы ойынын 18 қарашада өз алаңында Лихтенштейнге қарсы өткізеді.

Қазірге дейін отандастарымыз Уэльстен екі мәрте (1:3, 0:1), Солтүстік Македониядан (0:1), Бельгиядан (0:6) есебімен жеңіліп, Солтүстік Македониямен (1:1) тең түссе, Лихтенштейнді (4:0, 2:0) екі мәрте тізе бүктірді.

Ал Бельгия құрамасы Солтүстік Македония екі мәрте (1:1, 0:0) тең ойнаса, екі мәрте Уэльстен (4:3, 4:2), бір мәрте Лихтенштейннен (6:0), Қазақстаннан (6:0) басым түсті.

Бүгін жеңіске жеткен жағдайда бельгиялық футболшылар әлем чемпионаты финалдық кезеңіне жолдамаға қол жеткізетін еді.

Соңғы жаңалықтар