Әлем кубогы: Наталья Богданова алтын медальға таласады
АСТАНА. KAZINFORM - Астанада өтіп жатқан World Boxing аясындағы әлем кубогында Наталья Богданова (70 келі) алтын медальға таласуға мүмкіндік алды.

Отандасымыз жарыстың аталған сатысында нигериялық Патрисия Мбатамен қолғап түйістірді. Жекпе-жек барысында Натальяның белсенділігі байқалды. Қарсыласына көбірек соққы жұмсап үлгерді. Нәтижесінде ол қарсыласынан басым түсіп, алтын медальға таласуға мүмкіндік алды.
Енді ел құрамасынан Санжар Ташкенбай (50 келі), Бекзад Нұрдәулетов (85 келі), Алуа Балқыбекова (51 келі), 57 келі. Айдана Забынбекова (57 келі), Аида Әбікеева (65 келі), Надежда Рябец (75 келі), Махмұд Сабырхан (55 келі), Ертуған Зейнуллинов (65 келі), Сабыржан Аққалықов (75 келі), Айбек Оралбай (90 келіден жоғары) шаршы алаңға шығады.
Айта кетсек, қазірге дейін Нұрбек Оралбай (80 келі), Назым Қызайбай (48 келі), Виктория Графеева (60 келі) алтын жүлдені сарапқа салуға мүмкіндік алды.
Бұған дейін қанша елдің боксшысы жартылай финалға шыққанын жазған едік. Қазақстан атынан 14 боксшы жартылай финалға жолдама алса, Үндістан - 10, Бразилия мен Түркия - 6, Өзбекстан - 4, Аустралия, Әзербайжан, Франция, Англия, Жапония, АҚШ 3 былғары қолғап шеберіне үміт артады. Ал Германия, Моңғолия, Болгария - 2, Финляндия, Тайпей, Норвегия, Доминикан Республикасы, Қырғызстан, Нигерия, Филиппин мен Польша 1 спортшысын қосып отыр.