Әлем рекордын жаңартты: София Шульженко Делиде 2 алтын медаль жеңіп алды
АСТАНА. KAZINFORM — Нысана көздеуден Үндістан астанасы Делиде өтіп жатқан Азия чемпионатында Ұлттық құрама қоржынына 2 алтын медаль түсті, деп хабарлайды Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі.
Әйелдер арасында 3 позицияда 50 метрден пневматикалық винтовкамен нысана көздеуде жекелей сында София Шульженко жеңімпаз атанды.
— Ол үздік 8 мерген іріктелген финалда 358.2 ұпай жинап, рекорд жаңартты. Енді отандасымыз — осы жаттығуда ересектер және жасөспірімдер санатында әлем мен Азия рекордының иесі, — делінген хабарламада.
Мұнда күміс пен қола Үндістан спортшыларының еншісінде. Ұлттық құрама спортшылары — София Шульженко, Арина Малиновская мен Елизавета Безрукова ақтық сында өнер көрсетіп, жалпы есепте 1-орын алды.
Осылайша, биылғы құрлық додасында әйелдер командасы толық басымдық көрсетті. Олардың жалпы көрсеткіші — 1760 балл.
Айта кетейік, бәсеке 3 жас санатында (ересектер, жастар, жасөспірімдер) өтіп жатыр. Биыл Дели қаласында құрлықтағы 20 елден жиналған 320 спортшы жүлдеге таласады. Қазақстан құрамасы сапында 3 жас санатында 47 мерген аттанды. Қазақстан ересектер құрамасының бас бапкері — Ольга Довгун. Сары құрлық бәсекесі 13 ақпанда мәресіне жетеді.
Осыдан бұрын Денис Евсеев Үндістандағы турнирде сенсация жасағанын жазғанбыз.