Әлемде ядролық қаруды қолдану қаупі артып отыр - зерттеу

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақ халқы ядролық сынақтардың зардабын жақсы біледі. Өйткені кеңес үкіметі кезінде қазақтың кең даласы ядролық сынақ алаңына айналған еді. Ашық деректерге сүйенсек, Кеңес Одағы ядролық сынақтардың 70% біздің жерімізде жасаған. Оның нақты себептері әлі күнге белгісіз. Семей полигоны аумағындағы ядролық сынақтар – Отанымыз бен ел тұрғындарының бастан кешкен қасірет тарихы десек артық айтқандық емес. Содан да болар, Қазақстан ядролық қарудан бас тартқан әлемдегі алғашқы мемлекет атанды. Еліміз бүкіл әлем қауымдастығын ядролық қарудан азат әлемге ұмтылуға шақырып отыр.

Осы тұста, 29 тамыз - Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық күні қазақтың ядролық қарудан тартқан зардабы, жаһандық антиядролық қозғалыстағы Қазақстанның рөлі, Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарт неге күшіне енбеді, әлем елдерінің қаншасында ядролық қару бар, оны қолдану қаупі қаншалықты артқаны жөнінде материал дайындауды жөн көрдік. Толығырақ ҚазАқпарат сарапшысының материалында.

Қазақстан – ядролық қарудан бас тартқан алғашқы мемлекет

БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарымен 2009 жылы 2 желтоқсанда 29 тамыз Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық күн болып бекітілді. Бұл мәселеге қатысты қарардың жобасын еліміз ұсынған еді.

1991 жылы 29 тамызда Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен Семей полигоны ресми түрде жабылды. Осылайша, елімізде әлемдегі ең ірі ядролық қару арсеналдарының бірінен бас тарту процесі басталған еді.

Семей ядролық полигоны 1949 жылы алғашқы кеңес ядролық құрылғысын сынау үшін арнайы құрылды. Ол жер бетіндегі көлемі жағынан екінші ірі ядролық полигон еді, онда қуаты бойынша әлемдегі төртінші ядролық арсенал болды.

Жалпы 1949-1989 жылдар аралығында Семей ядролық полигонында 456 ядролық сынақ өтті. Оның 116-сы атмосфералық болса, 340 сынағы жер астында жүргізілді. Атмосферада, ғарышта және су астында ядролық қаруды сынауға тыйым салу туралы шартқа 1963 жылы КСРО, АҚШ және Ұлыбритания қол қойған. Құжат күшіне енгеннен кейін жерасты сынақтарының саны күрт өскен. Салыстырып қарасақ, полигонда сыналған ядролық зарядтардың жалпы қуаты Хиросимаға тасталған атом бомбасының қуатынан 2,5 мың есе асып түскен еді. Аймақтағы ядролық қару сынақтары салдарынан 1,5 миллионнан астам адам радиоактивті ластанудан зардап шекті.


Қазақстан тәуелсіз мемлекет болып жарияланғаннан кейін көп ұзамай елдің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев полигонды жабу туралы жарлыққа қол қойды.

1994 жылы полигондағы барлық ядролық қару шығарылды. 1995 жылы полигонда сақталған соңғы ядролық заряд жойылды, ал 2000 жылы ядролық сынақтарға арналған соңғы ұңғыма жойылған еді.

Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарт неге жұмыс істемейді?

Ядролық қаруды сынауды тоқтатудың негізгі құралы - Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарт (ЯСЖТШ). Оны 1996 жылы 10 қыркүйекте Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы қабылдаған еді.

Қазіргі таңда 185 мемлекет аталған шартқа қол қойып, оны 170-і ратификациялады.

ЯСЖТШ күшіне енуі үшін оны шарттағы 2-қосымшада көрсетілген 44 мемлекет ратификациялауы керек. Осы мемлекеттердің 36-сы ЯСЖТШ-ны ратификациялады, оның ішінде ядролық қаруы бар үш мемлекет: Ресей, Ұлыбритания және Франция. Қалған сегіз елдің үшеуі шартқа қол қоймады. Олар - Үндістан, Солтүстік Корея және Пәкістан. Ал бес мемлекет қол қойғанымен, ратификациялаған жоқ: АҚШ, Қытай, Египет, Израиль және Иран.

ЯСЖТШ ешқашан күшіне енбегеніне қарамастан, барлық дерлік ядролық қаруы бар мемлекеттер ядролық сынақтарға ерікті түрде мораторий енгізді. Ресей мен АҚШ мұндай мораторийді 1992 жылы енгізген болатын. Мораторий жариялаған соңғы ел – КХДР (2018). Израиль мұндай мораторий жарияламаған жалғыз ядролық қаруға ие мемлекет, өйткені Тель-Авив әлі де мұндай қару түрі бар екенін ресми түрде мойындаған жоқ.

Әлемнің қанша елінде ядролық қару бар?

Қазіргі таңда 9 мемлекетте ядролық қару бар. Олар - Қытай, Франция, Үндістан, Пәкістан, Израиль, Ресей, АҚШ, Ұлыбритания және Солтүстік Корея. Төмендегі диаграммадан көргеніміздей, ядролық оқтұмсықтар саны бойынша бірінші орында Ресей, екінші орында - АҚШ. Алғашқы үштікке Қытай кіреді. Ал оқтұмсықтар саны бойынша ең аз мемлекет – Солтүстік Корея.


Ядролық қаруды қолдану қаупі артты

Жақында Стокгольм халықаралық бейбітшілікті зерттеу институтының (SIPRI) баяндамасы жарияланды. Аталған институт сарапшылары қырғи-қабақ соғыстан бергі ядролық қаруды қолдану қаупінің артқанын мәлім етті. Олар алдағы онжылдықта оның қоры соңғы жылдары азайғанымен, жаһандық ядролық арсеналдар саны өседі деп болжам жасап отыр.

«Ядролық қаруы бар тоғыз мемлекет, атап айтсақ, АҚШ, Ресей, Ұлыбритания, Франция, Қытай, Үндістан, Пәкістан, Израиль және Солтүстік Корея ядролық арсеналдарды жаңғыртуды жалғастыруда. 2021 жылдың қаңтары мен 2022 жылдың қаңтары аралығында ядролық қарудың жалпы саны аздап азайғанымен, алдағы онжылдықта олардың саны артуы мүмкін»,- делінген институттың мәлімдемесінде.

2022 жылдың басындағы дерек бойынша, әлемдегі барлық 12 705 оқтұмсықтың 9 440-ы әскери қоймада және пайдалануға дайын болған. Ал 3 732 оқтұмсық зымырандарға енгізілген.

«Барлық ядролық қаруы бар мемлекеттер өз арсеналдарын көбейтіп немесе модернизациялап жатыр. Олардың көпшілігі әскери стратегияларындағы ядролық қарудың рөлін күшейтуде. Бұл өте алаңдатарлық мәселе»,-дейді баяндамада SIPRI-дің аға ғылыми қызметкері Ханс М. Кристенсен.

Зерттеуге және жоғарыда көрсетілген диаграммаға сәйкес, әлемдегі барлық ядролық қарудың 90%-дан астамы Ресей мен АҚШ-қа тиесілі. Қалған жеті ядролық мемлекет қару-жарақтың жүйелерін жасап жатыр.

Елдерге жеке-жеке тоқталып өтсек, Қытай өзінің ядролық арсеналын айтарлықтай кеңейту процесінде. Спутниктен түсірілген суреттер 300-ден астам жаңа зымыран шахтасының құрылысы жүріп жатқанын көрсетеді.


2021 жылы Ұлыбритания өзінің ядролық арсеналын ұлғайту туралы шешімін жариялады.

Ал 2021 жылдың басында Франция үшінші буын ядролық қуаты бар баллистикалық зымыран сүңгуір қайығын жасау бағдарламасын ресми түрде бастады.

Үндістан мен Пәкістан да ядролық арсеналдарын кеңейтуде, ал 2021 жылы екі ел де ядролық қаруды жеткізу жүйелерінің жаңа түрлерін енгізді және дамытуды жалғастырады деп болжанып отыр.

«Егер ядролық мемлекеттер қарусыздану үшін дереу және нақты шаралар қабылдамаса, жақын арада әлемдегі ядролық оқтұмсықтардың қоры қырғи-қабақ соғыстан бері алғаш рет көбейе бастауы мүмкін», - деді SIPRI кіші ғылыми қызметкері Мэтт Корда.

Ядролық қаруы бар екенін әлем алдында мойындамайтын Израиль де ядролық арсеналын жаңартуда.

Солтүстік Корея өзінің ұлттық қауіпсіздік стратегиясының негізгі бағыты ретінде өзінің әскери ядролық бағдарламасына басымдық беріп отыр. Солтүстік Корея 2021 жылы ядролық сынақ жарылыстарын немесе алыс қашықтыққа ұшатын баллистикалық зымырандарды сынамаса да, SIPRI елде қазір 20-ға жуық оқтұмсық бар екенін және 45-55 арасында оқтұмсық шығаруға жеткілікті материалдар бар деп есептейді.

Елімізге оралсақ, жалпы Қазақстан отыз жылдан астам уақыт бойы ядролық қаруды таратпау және қарусыздану саясатын бірте-бірте, өзінің барлық күші мен мүмкіндіктерін пайдалана отырып жүргізіп келеді. Невада-Семей қозғалысынан бастап, Семей полигонының жабылуы, ядролық арсеналдан бас тарту және кәдеге жарату, АТОМ жобасын құру, Қазақстан Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру идеясын ұсынды, ядролық қарусыз және басқа да жаппай қырып-жоятын қарусыз әлемді қамтамасыз етуге бағытталған халықаралық конференциялар мен басқа да іс-шараларды өткізуге атсалысып келеді.

2016 жылы «Ядролық қарусыз әлем және жаһандық қауіпсіздік» сыйлығы тағайындалған болатын. Ол екі жылда бір рет Семей ядролық полигонының жабылған күні – 29 тамызда беріледі. 2019 жылы МАГАТЭ-нің бұрынғы бас директоры Юкио Амано (қайтыс болғаннан кейін) және Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу шарты ұйымының Атқарушы хатшысы Лассин Зербо алды.

Дегенмен ядролық қарусыз әлемге жету қиын секілді. Күнделікті БАҚ-тан көріп отырғанымыздай, ядролық әлеуеті бар елдер өз артықшылығынан бас тартқысы келмейді. Осындайда Альберт Эйнштейннің «Үшінші дүниежүзілік соғыс кезінде адамдардың қандай қару пайдаланатынын білмеймін, бірақ төртіншісінде таяқ пен тастарды қолданады» деген сөзі еске түседі. Әйгілі ғалым бұл ойы арқылы әлемді қырып-жоятын қарудың пайда болуы мүмкін екенін, ол адамзаттың ғасырлар бойғы дамытқан өркениетін жермен-жексен ететінін айтқысы келгендей.


Басты фото:Depositphotos




Соңғы жаңалықтар