07:56, 14 Сәуір 2020 | GMT +5
Әлемдегі ең үлкен ұшақ тағы да Алматыға қонды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Әлемдегі ең үлкен жүк ұшағы Ан-225 «Мрия» тағы да Алматыға жанармай құю үшін қонды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі қала әуежайының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұл жолы борт Қытайдан салмағы 102 тонна болатын рекордтық жүкпен - ұшып келді. Ұшаққа медициналық мақсаттағы бұйымдар және COVID-19 қарсы құрал-жабдықтар тиелген. Бұл туралы украиналық БАҚ хабарлады.
Ол Алматыдан Польша астанасына ұшады. Варшавада 14 сәуір күні таңғы сағат 09:30 шамасында болуы тиіс.
Еске салсақ, бұған дейін де Алматы әуежайына әлемдегі ең үлкен Ан-225 «Мрия» ұшағы келіп қонғаны туралы хабарлаған болатынбыз.
Мрия ұшағы 1988 жылы Киевте жасалған. Әлемде мұндай ұшақ әзірге біреу-ақ.