Әлемдік ядролық қаруға қарсы қозғалыстың алғашқы қадамын қазақстандықтар жасады - Олжас Сүлейменов

Шығысқазақстандықтардың азаматтық белсенділігі мен семейліктердің ядролық қаруға қарсы қозғалысқа қосқан үлесі туралы ҚазАқпарат тілшісіне Қазақстанның ЮНЕСКО-дағы тұрақты өкілі, белгілі қоғам қайраткері, ақын, ағартушы, «Невада-Семей» қозғалысының көшбасшысы Олжас Сүлейменов әңгімелеп берді.
«2014 жылдың 25 ақпанында Кеңес Одағындағы ядролық қаруға қарсы тұңғыш қозғалыс атанған, кейіннен халықаралық дәрежеге шыққан, әлемдегі ең озық, ең белсенді қозғалысымыздың құрылғанына 25 жыл толады. Оның басты жетістігі - полигонның жабылуына қол жеткізгені. Міне осылайша, семейліктер мен барша қазақстандықтар әлемдік ядролық қаруға қарсы қозғалыстың алғашқы қадамын жасады.
Өскеменде жүріп мен біздің қозғалыстың қатысушысы болған, Семейдегі полигон алдында және Курчатовтағы митингілерге қатысқан сіздердің этнографиялық кешендеріңіздің директоры Николай Алексеевич Зайцевті кезіктірдім. Бұл кездесу мені моральдық, рухани тұрғыдан байытып, әлі де атқарылуы тиіс өте маңызды еңбектерді жазуға бойыма қуат беретін ескі естеліктерді оятты. Николай Зайцев мұнда, «ұлы державаның атомдық қоқысы» орналасқан жерде, өмір сұлулығының таңғажайып әлемін құра білді. Ол «ыбырсыған қоқыс орнын» таңқаларлық жануарлар мен өсімдіктері бар керемет баққа айналдырды. Тамаша орын!
- 29 тамыз күні 11 сағат бес минутта, сағат тілі Жеңіс символы - латынның V әрпін көрсететін сәтте бүкіл әлемде ядролық сынақ құрбандарын еске алуға арналған бір минут үнсіздік жарияланады. Осы күні Сіз семейліктерге қандай сөз айтар едіңіз?
- Ең алдымен, оларға денсаулық тілеймін, өсіп өркендей берсін, кезінде қалай белсенді болғандарын естеріне түсірсін. Өйткені, ядролық қаруға қарсы қозғалыс жалғасуда.
- Әңгімеңізге рахмет.
Естеріңізге сала кетейік, 29 тамыз, Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күнінде, «АТОМ» Жобасы дүние жүзiндегi ядролық қаруды сынаудың құрбандарын еске алу үшiн бүкіл әлемнің халқын бiр минут үнсiздiкке шақырады.
Осы күні шығысқазақстандықтар ҚР Президентінің бастамасымен жүзеге асып жатқан «АТОМ» Жобасының петициясына өз қолдарын қоюды жоспарлап отыр.