Әлемдік аренадағы ұстанымды нығайту: Еуроодақ көшбасшылары жаңа жылдық құттықтауларында не айтты

АСТАНА. KAZINFORM –  Жаңа жыл қарсаңындағы дәстүр бойынша Еуропалық одақтың көшбасшылары 2026 жылды қарсы алар алдында өз халықтарына арнап үндеу жасады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Әлемдік аренадағы ұстанымды нығайту: Еуроодақ көшбасшылары жаңа жылдық құттықтауларында не айтты
Фото: Anadolu

Еуропалық комиссияның президенті Урсула фон дер Ляйен 2026 жаңа жылына қадам басқан ЕО тұрғындары оның өзі және командасы Еуропаны нығайту жолында тынымсыз еңбек ете беретініне сенім арта алатынын атап өтті.

— Бұрын-соңды болмаған жылдамдықпен өзгеріп жатқан әлемде бәсекеге қабілеттілік пен инновация саласындағы Еуропаның бірегей әлеуетін толық жұмылдыру арқылы ішкі ұстанымымызды нығайту.

— Жаңа серіктестіктер құру және достарымыз бен одақтастарымыз қорғауды күтетін құндылықтарды ашықтық, адалдық және демократияны қорғау арқылы әлемдік аренадағы орнымызды күшейту.

— 2026 жылы баршаңызға шын жүректен бейбіт өмір тілеймін. Украина үшін әділ әрі берік бейбітшілік орнасын. Біз мұны оларға және бүкіл әлемдегі барлық адамдарға тілейміз, — делінген Урсула фон дер Ляйеннің құттықтауында.

Еуропалық кеңес төрағасы Антониу Кошта да еуропалықтарды Жаңа жылмен құттықтап, алда сынақтар күтіп тұрғанын, алайда оларды бірге еңсеруге күш бар екенін айтты.

— Бейбітшілік пен қауіпсіздікке негізделген, әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті әрі ішкі жағынан біртұтас, азаматтарымызға ортақ өркендеу әкелетін Еуропаны бірге құрайық. Келіңіздер, анағұрлым адамгершілігі мол әрі бейбіт әлем құру жолында еңбек етейік, — деді Кошта.

Франция президенті Эмманюэль Макрон бейнеүндеуінде француздарды біріктіретін себептер күн өткен сайын оларды бөлуі мүмкін жайттардан әлдеқайда күшейіп келе жатқанын атап өтті.

— Мен ұлтымызға үш нәрсе тілеймін: бірлік, күш пен тәуелсіздік, үміт. 2026 жыл құтты да бақытты болсын! — деді Макрон.

Германия канцлері Фридрих Мерц 2026 жылға арналған жаңа жылдық құттықтауында елінің жетістіктерін атап өтті.

— Германия соңғы сегіз онжылдыққа жуық уақыт ішінде орасан көп жетістікке жетті. Біз еркін әрі тең құқықта өмір сүріп жатқан елміз. Біз бір-бірімізге қамқорлық жасаймыз. Мұны осындай жақсы, өмір сүруге қолайлы және сүйікті елді сақтап қалу жолындағы ортақ жауапкершілігіміз ретінде қабылдайық. Германия — ұлы ел. 2026 жылы да сенім мен өз күшімізге деген иланымға сүйенейік, — деді ГФР канцлері.

Еске сала кетейік, артта қалған 2025 жыл Еуропалық одақ пен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастарда маңызды саяси оқиғаларға толы болды. Олардың қатарында ЕО–Орталық Азия алғашқы саммиті, Еуропалық кеңес төрағасы Антониу Коштаның Астанаға сапары және Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылғанына 10 жыл толуы бар.

Соңғы жаңалықтар