Әлемдік БАҚ-тағы Қазақстан: Грузиямен әріптестік, ақылы жолдар түсімі мен экспортты дамыту
Ақпанның алғашқы аптасында алыс-жақын елдердегі бұқаралық ақпарат құралдары Қазақстанға қатысты көптеген ақпараттар ұсынды. Әсіресе, Қазақстан мен Грузияның қарым-қатынасының жаңа кезеңі, ақылы жолдардың бюджетке түсірген табысы тақырыбы ерекше аталған. Ел мұнайын Еуропаға жеткізу, Өзбекстаннан келетін су көлемі және Иранмен сауда байланыстары да назардан тыс қалмапты. Толығырақ Kazinform тілшісінің шолуынан оқыңыз.

Anadolu: Қазақстан мен Грузия үкіметі Орта дәлізді кеңейту мәселесін талқылады
Қазақстандық тарап Баку-Тбилиси-Джейхан арқылы мұнай тасымалдау көлемін қазіргі 1,4 млн тоннадан 2,2 млн тоннаға дейін ұлғайтуға ниетті. Осы орайда Қазақстанның Премьер-Министрі Олжас Бектенов пен Грузия Премьер-Министрі Ираклий Кобахидзе Транскаспий халықаралық көлік дәлізі мен Баку-Тбилиси-Джейхан (БТД) құбыры аясындағы өзара іс-қимылды кеңейту мәселелерін талқылады. Ақпаратты Anadolu жазды.
Кездесу барысында Бектенов пен Кобахидзе екіжақты сауда-экономикалық байланыстарды дамыту, көлік және логистика, мұнай өнімдерін тасымалдау, сандық технологиялар, ауыл шаруашылығы, туризм және басқа да тақырыптарды сөз еткен.
Премьер-министр Бектенов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Грузиямен екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға ерекше көңіл бөлетінін атап өтті. Оның айтуынша, екіжақты қарым-қатынас барлық салада қарқынды дамып келеді. Бірлескен үкіметаралық комиссия өзара тауар айналымын арттыру бойынша жұмыс істеп жатыр.
Сондай-ақ ол Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің әлеуетін, әсіресе транзиттік және жүк тасымалы үшін пайдаланудың маңыздылығын атап өтті.
– 2027 жылға қарай Орталық дәліздің жыл сайынғы транзиттік өткізу қабілеті 10 миллион тоннаға дейін артады деп күтілуде. 2024 жылы Транскаспий халықаралық көлік дәлізімен тасымалданатын жүк көлемі 62 пайызға артып, 4,5 миллион тоннаны құрады, – деген Бектенов.
Өз кезегінде Кобахидзе де Қазақстанмен екіжақты қарым-қатынастарды дамытуға ниет білдірді. Қазақстанға алғашқы ресми сапары экономикалық және мәдени іс-қимылды нығайтуға бағытталғанын атап өтті.
– Біздің мемлекеттеріміз арасындағы ынтымақтастықтың түрлі салаларында үлкен жетістіктерге қол жеткізілді. Біз Қазақстанмен жан-жақты серіктестікті дамытуға ниеттіміз, – деген ол.
CentralAsia: 2024 жылы Қазақстан бюджеті ақылы жолдар есебінен 48 млрд теңгеге толыққан
Қазақстанда ақылы жолдардан түсетін бюджеттік түсімдер ұлғаюда. Бұл туралы Қазақстанның көлік министрі Марат Қарабаев хабарлады. Деректі CentralAsia бөлісті.
2024 жылы ақылы жолдардың түсімдері 48 млрд теңгеге жетті. Ал биыл 4 мың шақырым жаңа ақылы учаскелерді іске қосу жоспарланған. Бұл кірісті 60 млрд теңгеге дейін, ал 2026 жылға қарай 100 млрд теңгеге дейін ұлғайтады. Қаражаттың бір бөлігі жол салу үшін пайдаланылған кредиттерді өтеуге бағытталуы мүмкін.
Қазір Қазақстанда 3,2 мың шақырым ақылы жол бар. Біртіндеп жөнделіп жатқан жолдар да ақылы мәртебеге ауысады. Жалпы, 1 446 сервистік нысанның 90%-ы ұлттық стандарттарға сәйкес келеді. 2025 жылға қарай 100%-дық межеге қол жеткізіп, 400-ден астам заманауи нысан салу жоспарланып отыр.
Report: Қара алтынды еуропалық нарыққа жеткізу мәселесі талқыланды
«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы (ҚМГ) басқармасының төрағасы Асхат Хасенов пен венгриялық MOL Group-тың мұнай өңдеу жөніндегі атқарушы вице-президенті Габриэль Сабо қазақстандық мұнайды еуропалық нарыққа жеткізудің перспективаларын талқылады. Бұл туралы Report бюросы «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлаған.
Сондай-ақ тараптар Рожковское газ конденсатты кен орнын бірлесіп игеру барысын қараған. 2024 жылы кен орнында 301 млн текше метр газ және 222 мың тонна конденсат өндірілді. Бұған қоса, Қазақстанның мұнай-газ химиясы жобаларына еуропалық компаниялардың қатысу жайы да айтылыпты.
– «ҚазМұнайГаз» инвестиция тарту, жаңа технологияларды енгізу және тәжірибе алмасу үшін MOL Group-пен стратегиялық серіктестікті кеңейтуге мүдделі. Біз мажарстандық әріптестермен өзара тиімді ынтымақтастықты жалғастыруға үміттіміз, – деп атап өтті А.Хасенов.
Daryo: Өзбекстан Қазақстанға 16 млрд текше метр су жібереді
Өзбекстан Қазақстанға 2025 жылдың 1 қазанына дейін 16 млрд текше метр су жіберуі қажет. Бұл көлем өткен жылмен салыстырғанда 1 млрд текше метрге артық. Тиісті уағдаластыққа екіжақты су ынтымақтастығын тереңдету жөніндегі бірлескен жұмыс тобының 12-отырысында қол жеткізілді. Ақпаратты Daryo таратты.
Көрші Өзбекстан 2025 жылдың суару маусымында «Достық» каналы арқылы суды тұрақты жеткізуді қамтамасыз етуге көмектеседі. Бұл Қазақстанның ауыл шаруашылығына су ресурстарының жетіспеу қаупін төмендетуге мүмкіндік бермек.
Қазақстанның су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов пен Өзбекстанның су шаруашылығы министрі Шавкат Хамраев мемлекетаралық арналарда бірлескен жөндеу жұмыстарын жүргізуге келісті. Бұл шешім Қазақстанның Түркістан облысы мен Өзбекстанның Жызақ облысының шаруаларын сумен жабдықтауды жақсартуға бағытталған.
Тараптар Сырдария өзеніндегі суды есепке алуды автоматтандыру мәселесін де қозғады. Бұл жоба аясында мониторинг жүйесі орнатылатын алғашқы 10 нүкте анықталды (әр елде 5 нүктеден). Техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеу үшін тапсырмалар берілген. Ал ақпанда жобаны одан әрі талқылау үшін жұмыс тобының халықаралық ұйымдармен кездесуі өтеді.
Екі ел су ресурстарын басқару саласындағы ынтымақтастықты белсенді дамытып жатыр. Бұл өңірдің дамуы мен экологиялық қауіпсіздігі үшін маңызды. Трансшекаралық су ресурстарын, әсіресе Сырдария өзенін ұтымды пайдалану үшін бірлесуде.
2024 жылы қыркүйекте қоршаған ортаны қорғау және Сырдария өзені бассейні суының сапасы жөніндегі бірлескен жұмыс тобының сапары өткен. Делегация Өзбекстандағы су сапасының мониторингі мен сарқынды суларды тазартуға байланысты негізгі нысандарды аралады.
Trend: Иранның Қазақстанға экспорты артып жатыр
2024 жылдың 20 наурызы мен 20 желтоқсаны аралығында Иран тауарларының (мұнай өнімдерін есептемегенде) Қазақстанға экспорты өскен. Бұл туралы Trend Иран Кеден әкімшілігінің статистикасына сілтеме жасай отырып хабарлады.
Статистика деректері бойынша, кейінгі 9 айда Иран Қазақстанға 360 млн долларға жуық сомаға мұнайға жатпайтын 203 мың тонна өнім экспорттаған. Өткен жылдың сәйкес кезеңінде Иранның Қазақстанға мұнайға жатпайтын экспорты 353 млн доллар (146 мың тонна) болған еді.
Иран Қазақстанға негізінен ауыл шаруашылығы өнімдері, азық-түлік, темекі өнімдерін, мұнай-химия өнімдерін жеткізеді. Жалпы, кейінгі 9 айда Иран мен Қазақстанмен тауар айналымы 470 млн долларға жетіп, 244 мың тоннаны құрады.
Бұдан бөлек, Иран Кеден әкімшілігінің статистикасына сәйкес, 9 айда Иранның мұнай емес өнімдерінің барлық экспорты 43,1 млрд долларға жеткен. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 18 пайызға көп.