Әлемдік БАҚ-тағы Қазақстан: Мишустин сапары, Атыраудан табылған артефакт және Голливудтағы қазақтар

Қазақстан қаңтар айының соңғы аптасында әлемдік медианың назарынан түспеді. Елге қатысты саяси-экономикалық, тарихи жаңалықтар көп айтылғанын байқадық. РФ Үкіметі басшысы Михаил Мишустиннің сапарында қабылданған шешімдер, «Қашағаннан» басталған мұнай транзиті, талқыдағы салық өзгерісі секілді ақпар таралды. Арасында Атыраудан табылған тарихи жәдігер мен Голливудтағы қазақ каскадёрлердің жетістігі де бар. Толығырақ Kazinform тілшісінің шолуынан оқыңыз.

Әлемдік БАҚ
Коллаж: Kazinform

TACC: Ресеймен жан-жақты серіктестік дамымақ

Қазақстан Ресеймен барлық бағыттар бойынша толыққанды қарым-қатынасты дамытуға дайын. Мұндай пікірді ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов ресейлік әріптесі Михаил Мишустинмен кездесу барысында мәлімдеген. Үкімет басшысының сөзін TACC бөлісті.

Осы аптада Михаил Мишустин жұмыс сапарымен Қазақстанға келді. Ресей Үкіметінің төрағасы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және Премьер-министр Олжас Бектеновпен кездесіп, Алматыдағы Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысы мен Digital Almaty 2025 технологиялық форумына қатысты.

«Мемлекет басшылары Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путиннің бірлескен күш-жігерінің арқасында екіжақты ынтымақтастығымыз сапалы жаңа деңгейге көтерілді. Маңызды міндет – жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтардың іс жүзінде орындалуын қамтамасыз ету. Қазақстан Үкіметі тығыз өзара іс-қимыл жасауға және барлық салада ынтымақтастықты дамытуға дайын», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Өз кезегінде Мишустин Қазақстанды Ресейдің стратегиялық серіктесі және одақтасы деп атап өтті. Оның айтуынша, Владимир Путиннің Қазақстанға мемлекеттік сапары екіжақты қарым-қатынасты одан әрі дамыуға септесіп, маңызды уағдаға қол жеткізуге ықпал еткен. Сондай-ақ қос ел Үкіметінің міндеті – мемлекет басшылары жасаған келісімнің нақты орындалуын қамтамасыз ету екенін айтты.

Report: SOCAR мұнай транзитін бастайды

Жыл сайын «Баку-Тбилиси-Джейхан» мұнай құбыры арқылы «Қашаған» кен орнынан 240 мың тонна мұнай тасымалданады. Мұнда негізгі тасымалды Әзербайжан мемлекеттік мұнай компаниясы (SOCAR) жүргізетіні тағы бар. Биыл да тасымал жалғаспақ. Бұл туралы Report ақпарат агенттігі хабарлады.

«SOCAR «Баку-Тбилиси-Джейхан» құбыры арқылы мұнай транзитін бастайды. 25 қаңтарда Ақтау портынан көлемі 6 мың тоннаға жуық «Қашаған» кен орнының мұнайы танкерге тиелді, алғашқы партиясы 27 қаңтарда Сангачал терминалына келіп жетті. «Қашаған» кен орнынан шыққан мұнайды Ақтау портынан Бакуге дейін Қазақстанның Taraz танкері жеткізген. Кейін «Джейхан» портына құбыр арқылы тасымалданады. Есте болса, биыл 15 қаңтарда SOCAR Midstream Operations LLC (SOCAR-дың еншілес құрылымы) мен KMG Trading («ҚазМұнайГаз»-дың еншілес компаниясы) арасында келісім жасалды. Оған сәйкес жылына 240 мың тонна «Қашаған» мұнайын транзиттеуге жол ашылмақ», – делінген хабарламада.

Айта кетейік, 2022 жылы қарашада SOCAR мен ҚМГ арасында «Теңіз» кен орнынан жылына 1,5 млн тонна мұнай транзитін жүзеге асыру туралы келісімге қол қойылған. 2024 жылғы ақпанда тараптар Әзербайжан аумағы арқылы қазақстандық мұнай транзитінің көлемін кезең-кезеңмен ұлғайту туралы келісті. Сол жылы наурыз айында екі мемлекет Әзербайжан аумағы арқылы мұнай транзитін жылына 2,2 млн тоннаға дейін ұлғайтуға уағдаласқан болатын.

Daryo:ҚҚС-ны 20 пайызға көтеру мәселесі талқыланып жатыр

Қазақстан қосылған құн салығын 12 пайыздан 20 пайызға көтеруі мүмкін. Бұл өзгеріс нарықтағы тауар бағасының өсуіне әкеліп, экономикаға теріс әсер етуі ықтимал деген күдік жоқ емес. Ақпаратты Daryo жариялады.

Қазірдің өзінде тақырыпқа қатысты сарапшылар пікірі алаңдатарлық. Нан, сүт секілді маңызды азық-түлік қымбаттайды деп отыр. Мәселен, наның келісі 266 тенгеден (0.51 АҚШ доллары) 333 тенгеге (0.64 АҚШ доллары) дейін ұлғаяды. Кәсіпкерлер де бағаның өсетінін жасырмайды.

Экономист Жангелді Сүлейменовтің айтуынша, қарапайым наубайхана нан өнімін дайындауға арналған шикізатты 20 пайызға қымбат сатып алатын болады. Кәсіпке шығын келсе, оны халық қалтасынан төлеуге мәжбүр. Сарапшылар өзгеріс кәсіпкерлерге ғана емес, халықтың төлем қабілетіне де әсер ететінін айтуда.

Anadolu: Қазақстанда ғасырлық тарихы бар жәдігерлер табылды

Бұған дейін Атырау облысы маңында сармат қабірлеріне қазба жұмысы жүргізілген еді. Зерттеу нәтижесінде көп ғасырлық тарихы бар құнды жәдігерлер табылған. Бұл олжа «Қарабау-2» қорғанынан табылған маңызды артефакт қатарында. Сүйінші жаңалықты Anadolu ақпарат агенттігі жеткізді.

Жәдігерлер Атырау аймақтық және тарихи мұражайындағы көрмеде алғаш рет көрермен назарына ұсынылды. Ішінде қос қапталына тау барысы бейнеленген салмағы 370 грамм болатын алтын білезік ерекше дараланған.

Археолог Марат Қасеновтің айтуынша, Атырау аймағы – Сармат империясы билік еткен мекен. Ғалымдар арасындағы бұл болжамды археологиялық қазба жұмыстары дәлелдеп үлгерген.

«Табылған көне жәдігерлердің жалпы саны (Сармат кезеңіне жататын) шамамен 1000-ды құрайды. Олардың 100-і – алтын әшекейлер. Әшекейлерде сол кезде аймақта мекендеген жыртқыш жануарлар – қабан мен жолбарыс бейнеленген. Жақында жүргізілген қазба жұмыстарының нәтижесінде ағаштан жасалған 2 тостаған таптық, олар жақсы сақталған», – деді ол.

Euronews: Голливуд мотивінен киноның алтын дәуіріне дейін

Euronews телеарнасының сайтында ұнамды дәстүр бар. Кейінгі уақытта Modern Nomads айдарымен шетелде табысқа кенеліп жүрген қазақстандықтар туралы хабар таратуға бет алған. Бұл жолғы тілшілер нысаны Nomad Stunts студиясы болыпты.

Бүгінгі қазақтың көшпелі тарихы мен тамырын кино әлеміне дендете енгізіп жүрген үздік каскадёрлер мен режиссерлер жетерлік. Олар өзіндік образын қалыптастырып үлгерді. Әсіресе, көшпелі мұраны жаһандық өнермен ұштастыруа отыру арқылы кинематография орталығына айналып келеді. Бүгінде «Наполеон» және «Мулан» секілді фильмдерде қолданылған трюктер, мен «Дала қасқыры» секілді фильмдерде қазақтардың қолтаңбасы бар.

Жайдарбек Күнғожинов жетекшілік ететін Nomad Stunts студиясы кино әлемінде танымал каскадёр шеберлікті дамытуда. Ал Әділхан Ержанов секілді режиссерлер кино әлемінде із қалдырып келеді. Сыншылар бұл үрдісті мемлекет қолдауы мен шығармашылық бәсекенің нәтижесі екенін жоққа шығармайды. Тіпті елінің мәдениеті мен шығармашылық әлеуетін көрсете білген буын қазақ кинематографиясының алтын ғасырын қалыптастыруда.

Соңғы жаңалықтар