Әлемдік БАҚ-тағы Қазақстан: Пәкістанмен байланыс, Байқоңырдағы туризм және ЖИ министрлігі

АСТАНА. KAZINFORM – Бұл аптада әлемдік медиа кеңістікте Қазақстанға қатысты жаңалық толастаған жоқ. Елдегі электр энергиясымен қамту жобаларының жайы, Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің Исламабадқа сапары аясында қол жеткізген келісімдер кең тарады. Президент Жолдауында айтылған жасанды интеллект министрлігін құру ұсынысы мен Байқоңырдың туризм әлеуеті туралы ақпарат та ұшырасты. Толығырақ Kazinform тілшісінің шолуынан оқыңыз.

Пәкістанмен байланыс, Байқоңырдағы туризм және ЖИ министрлігі
Коллаж: Kazinform / Canva / Nikolay Enin / wizarden.ru

Oxu: Жасанды интеллект министрлігі құрылады

Апта басындағы Президент Жолдауынан кейін ондағы айтылған тақырыптар әлемдік БАҚ-та талқыға түсті. Соның ішінде жасанды интеллект министрлігін құру идеясы туралы ақпарат лезде көзге түскен еді. Жаңалықты әзербайжандық Oxu интернет басылымы да бөлісті.

8 қыркүйекте Қазақстан халқына Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құру туралы мәлімдеді. Мемлекет басшысының айтуынша, жаңа ведомство қазіргі бейінді министрліктің негізінде құрылмақ. Оны вице-премьер басқарады.

«Жаңа технологиялық қалыптың ажырамас бөлігіне айналу үшін бүкіл мемлекеттік басқару жүйесін қайта құрып, оның азаматтар мүддесіне сай болуын қамтамасыз ету, сондай-ақ ашықтығы мен тиімділігін еселеп арттыру керек.Сондықтан қазіргі құзырлы министрліктің негізінде Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құру қажет деп санаймын. Жаңа министрлікті Премьер-министрдің орынбасары деңгейіндегі маман басқаруы керек», – деді Президент.

Сондай-ақ ол Казақстан үш жылдың ішінде толық цифрлық мемлекетке айналуы тиіс екенін атап өтті. Осы мақсатта Цифрлық кодексті жедел қабылдау қажет. Бұл құжат цифрландыру стратегиясын айқындайтын негізгі акт болады: жасанды интеллект пен платформалық экономиканы дамыту, үлкен деректерді пайдалану және басқа да бағыттар қамтылмақ.

Report: 2035 жылға дейін электр энергиясына тапшылық мәселесі толық шешіледі

2035 жылға қарай ел экономикасының электр энергиясына қажеттілігі толық өтелетін болады. Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің айтуынша, бұл кезеңге дейін қосымша 26 ГВт-тан астам жаңа өндіруші қуаттарды енгізу көзделген. Министрдің Үкімет отырысында айтқан сөзін Report бөлісті.

– Министрлік елдегі тапшылықты өтеу және экспорттық әлеуетті арттыру үшін 2035 жылға дейін қосымша 26 ГВт-тан астам жаңа өндіруші қуаттарды енгізуді көздейтін электр энергиясы саласын дамыту жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірледі. Осылайша, экономиканың электр энергиясына деген барлық қажеттілігі өтеледі деп күтілуде, – деді министр.

Ақкенженовтің айтуынша, көміртегі ізін төмендету бағыты аясында баламалы энергетиканы дамыту және таза көмір технологиялары базасында көмір генерациясын одан әрі дамыту жұмыстары жоспарланған.

– 33,6 млрд. тоннаны құрайтын энергетикалық көмірдің расталған орасан зор қоры бола тұра, қолда бар көмірмен жұмыс істейтін энергия көздерінен толық бас тарту орынды болмайды. Осыған байланысты, жаңа көмір станцияларын салу, сондай-ақ жұмыс істеп тұрған көмір станцияларын жаңғырту экологияға ең аз әсер ете отырып, экологиялық талаптар мен нормаларға сәйкес келетін таза көмір технологияларына негізделетін болады. Мұндай жобалардың айқын мысалы – Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында жүзеге асырылатын жылу электр орталықтары, сондай-ақ Курчатов және Екібастұз қалаларындағы ірі электр станциялары, – деді ол.

Anadolu: Қазақстан мен Пәкістан серіктестігі талқыланды

ҚР Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің Исламабадқа ресми сапары кезінде еларалық байланыс жайы жан-жақты талқыланды. Әсіресе тараптар сауда, логистика, қаржы, IT, ауыл шаруашылығы, азық-түлік салаларына баса көңіл бөліп отыр. Бұл туралы Anadolu ақпарат агенттігі жазды.

Бұл сапарда қазақстандық делегация Пәкістанның президенті Асиф Али Зардаримен, премьер-министрі – Шахбаз Шарифпен, сыртқы істер министрі –– Мұхаммад Ысқақ Дармен кездеседі.

– Қазір елдеріміз арасындағы сауда-инвестициялық қатынастарда оң үрдістерді байқап отырмыз. Қазақстан Пәкістанмен экономикалық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделі. Астана екіжақты және өңірлік алаңдарда өзара тиімді бастамаларды жүзеге асыруға дайын. 33 жылдан астам уақыт ішінде елдеріміз мазмұнды саяси диалогты қолдап, өзара сенімге, ашықтыққа және гуманитарлық байланыстарға негізделген берік қатынастар орнатты, – деп мәлімдеді министр.

Жыл басынан бері Қазақстан мен Пәкістан арасындағы тауар айналымы 2,5 есеге өсіп, 86 млн АҚШ долларына жеткен. Қазір Қазақстаннан Пәкістанға көкөністер, бұршақ тұқымдастар, пияз, сарымсақ, сұлы, қарақұмық, тары және басқа дәнді дақылдар, қара металл бұйымдары экспортталады. Ал Пәкістаннан — цитрус жемістері, дәрілік заттар, ерлер мен әйелдер киімі, азық-түліктер, картоп жеткізіледі. Екі ел арасындағы тауар айналымын 1 млрд доллардан да асыруға ниетті.

Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар саяси диалогты жалғастыруға, басым секторлардағы бірлескен жобаларды жандандыруға және бейінді мемлекеттік органдар арасында тиімді үйлестіруді қамтамасыз етуге уағдаласты. Кездесу соңында Қазақстан мен Пәкістан сыртқы істер министрліктері арасында 2025-2026 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл жоспарына қол қойылды.

Euronews: 2029 жылға қарай Байқоңырға жылына 50 мың турист келеді

Әлемнің алғашқы ғарыш айлағы саналатын Байқоңыр 2029 жылға қарай 50 мың туристі қабылдайтын шаһарға айналуы ғажап емес. Алдағы уақыииа оңтүстік өңірге келетін қонақтарға тарих пен тылсымға толы ғарыш сапары ұсынылатын болады. Осы мақсатта глэмпинг, қонақүйлер мен балалар лагері бар туристік орталықты дамыту жоспарланған. Ақпаратты Euronews таратты.

Байқоңырдың туристік экожүйесі дамып келеді. Ресей қаланы жалға алуды жалғастырса да, қазірдің өзінде 50-ден астам пайдаға аспайтын нысанды Қазақстанға қайтарды. Билік бұл нысандерды тек зымыранды пайдаланып қана қоймай, туристерге де көрсетіп, жаңа орталық ашпақ.

Қазір тарихи маңызы зор орындар маңында туристік инфрақұрылымға дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Мәселен, 1961 жылы тұңғыш ғарышқа аттанған әйгілі Гагарин старты бар. Дәл осы жерде иммерсивті экспозициялар, қонақүйлер, глэмпинг пен балалар лагері бой көтермек.

Соңғы жаңалықтар