Әлемдік БАҚ-тағы Қазақстан: Түркі әлеуеті, қор нарығының бірігуі және такси тарифі

АСТАНА. KAZINFORM – Мамырдың кейінгі апталарында Қазақстан жаһандық саяси аренада жиі бой көрсетті. Мажарстанда өткен Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті ақпарат құралдарының назарынан түспеді. Сондай-ақ еліміздің Әзербайжанмен түрлі салалардағы ынтымақтастығы нығая түсуде. Бұдан бөлек, Қазақстандағы такси тарифіне байланысты мәселелер де қозғалды. Толығырақ Kazinform-ның аналитикалық шолушысының мақаласынан оқыңыз.

баспасөзге шолу
Коллаж: Kazinform / Freepik

Anadolu: Тоқаев Орта дәлізді Шығыс пен Батыс арасындағы көлік көпіріне айналдыруды стратегиялық міндет деп атады

Қазақстан Президенті бұл туралы Будапештте өткен Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитінде мәлімдеген. Жаңалықты түркиялық Anadolu агенттігі жариялады.

Қазір Қазақстан Қырғызстан және Өзбекстанмен шекарадағы рәсімдерді цифрландыру, транзитті жеңілдету және логистикалық инфрақұрылымды жаңғырту бойынша шаралар қабылдап жатыр. Бұл шараларға Қытаймен шекарада үшінші теміржол өткізу пунктінің ашылуы да кіреді.

Қасым-Жомарт Тоқаев сондай-ақ Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдерді ірі инфрақұрылымдық жобаларды, соның ішінде «Солтүстік – Оңтүстік» бағытын бірлесіп жүзеге асыруға шақырды. Бұл түркі аймағының транзиттік хаб ретіндегі маңызын едәуір арттырады.

Бүгінгі алқалы жиынның Еуропа төрінде өтуінің айрықша мәні бар. Біз мажар жұртының қарт құрлықта тұғырлы мемлекет болып отырғанына дән ризамыз. Бүгін бәрімізді түбі бір түркі бауырларым деп құшақ жая қарсы алып жатсыздар. Мұны, шын мәнінде, мызғымас достығымыздың айқын көрінісі деп санаймын. Біз ынтымағы жарасқан елдеріміздің бірлігін бекемдеп, тамыры бір тарихымыз бен салт-дәстүрлерімізді ұлықтап келеміз, – деді Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, «Шығыс пен Батыстың түйіскен жері» ұранымен өтіп жатқан форум түркі әлемі елдерінің мүдделері мен стратегиялық мақсаттарына толық сәйкес келеді.

Қазақстан Президенті қазіргі күрделі геосаяси жағдайда Ұйым аясындағы ынтымақтастықтың аса өзекті болып отырғанын да атап өтті. Тоқаев саммит қатысушыларының назарын Түркі мемлекеттері ұйымы шеңберінде қол жеткізілген келісімдерді орындаудың маңыздылығына аударды.

Тағы бір аса маңызды мәселе, бұл – біздің Ұйымның шеңберінде қабылданған құжаттардағы ережелерді қатаң сақтау. Процедура мәселесі болсын, саяси және экономика сұрақтары болсын – келісімдердің ережелерінің барлығын құрметтеу, сақтау қажет, міндетті түрде іске асыру керек, – деп атап өтті ол.

Мемлекет басшысы сондай-ақ әлемдік сауда жүйесіндегі өзгерістерге тоқталып, тарифтік саясаттың ауысуына байланысты елеулі трансформация жүріп жатқанын айтты.

Оның пікірінше, мұндай жағдайлар жаңа мүмкіндіктермен қатар, белгілі бір қиындықтар да туындатады. Осыған байланысты өнеркәсіп, көлік және логистика, ауыл шаруашылығы мен цифрландыру сияқты маңызды салаларда күш біріктіруді ұсынды.

Сондай-ақ мұнай, газ, уран және басқа да тауарларды жеткізу тізбегін әртараптандыру үшін Ұйымның әлеуетін пайдаланудың маңыздылығын атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев болашағы зор бағыттардың бірі ретінде цифрландыру мен ақпараттық технологияларды атап өтті. Ол Каспий теңізі арқылы талшықты-оптикалық кабель төсеу жұмыстары басталғанын айтты. Бұл аймақтағы цифрлық байланысты едәуір күшейтпек.

Өткен жылы Қазақстан ұйым елдерімен 11,4 млрд долларға сауда жасаған. Бұл – Қазақстанның сыртқы саудасының 8 пайызы.

Бұдан бөлек, жиілеп кеткен табиғи апаттарға бірлесіп жауап қайтару мәселесіне ерекше назар аудару қажеті айтылды. Ол Каспий теңізі деңгейінің айтарлықтай төмендеуін мысалға келтіріп, бұл экологияға, экономикаға және халықтың өмір сүру сапасына айтарлықтай кері әсер ететінін алға тартты. Осыған байланысты Тоқаев түркі елдерін бірлескен зерттеулер жүргізуге және ортақ экологиялық шешімдер әзірлеуге шақырды.

Report: Түркі мемлекеттері декларация қабылдады

21 мамырда Венгрия астанасы Будапештте Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті өтіп, қатысушы елдердің көшбасшылары 71 тармақтан тұратын декларацияға қол қойды. Ақпаратты әзербайжандық Report таратты.

Жалпы, декларация мәтінінде көптеген сала қамтылған. Түркі халықтарының әлемдік өркениетке қосқан маңызды үлесі, әсіресе, Еуропа мен Азияның мәдени және саяси қалыптасуындағы орны ерекше атап өтіліпті.

Түркі әлемінің мәдени бірлігін нығайту мақсатында «Түркі әлемінің хартиясы» қабылданды. Бұл құжат түркі халықтарының ортақ мәдениетін, әдет-ғұрыптарын, тілін және тарихын білдіретін негізгі құжат ретінде мойындалды. Сондай-ақ, ТМҰ-ның құрылымдық негіздерін нығайтуға бағытталған бірқатар шешімдер қабылданды.

Декларацияда климаттық өзгерістерге қарсы күрес және қоршаған ортаны қорғау мәселелері ерекше орын алды. Түркі мемлекеттері «Түркі әлемінің жасыл көрінісі» бастамасын қолдап, климаттық өзгерістерге қарсы күресте бірлескен күш-жігерді арттыруға дайын екендерін білдірді. Бұл бастама аясында жасыл энергетика, климатқа төзімді инфрақұрылым және қалдықтарды басқару салаларында ынтымақтастықты дамыту көзделеді.

Цифрлық трансформация және жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастықты дамыту мақсатында «Үлкен түркі тіліндегі модель» жобасын әзірлеу ұсынылды. Бұл жоба түркі тілдеріндегі ақпараттық ресурстарды біріктіруге және тілдік деректерді өңдеуге бағытталған. Сонымен қатар, Бішкек қаласы 2025 жылы ТМҰ-ның цифрлық астанасы ретінде жарияланды.

Түркі мемлекеттері терроризм, трансұлттық ұйымдасқан қылмыс, киберқылмыс және оларды қаржыландыру мәселелеріне қарсы күресте бірлескен күш-жігерді арттыруға дайын. Бұл бағытта ынтымақтастықты нығайту және ортақ қауіп-қатерлерге қарсы тұру үшін бірлескен шаралар қабылдау жоспарланған.

Ұйым жастар саясаты, мәдени және гуманитарлық байланыстарды нығайту, сондай-ақ білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықты арттыру бағытында бірлескен шаралар қабылдауға әзір. Түркітілдес елдер арасында тәжірибе алмасу және ортақ жобаларды жүзеге асыру жоспарланған.

Trend: Әзербайжан мен Қазақстан қор биржаларын біріктіру бағытында жұмыс істеуде

Мақсат – нарық ауқымын арттырып, қатысушылар санын көбейту. Trend агенттігінің хабарлауынша, бұл туралы Баку қор биржасы басқарма төрағасының орынбасары және бас коммерциялық директоры Октай Гасымов «KASE Day in Baku» семинары барысында мәлімдеді.

Оның айтуынша, кейінгі жылдары Баку қор биржасы мен Қазақстан қор биржасы (KASE) арасында өзара тәжірибе алмасу мен үздік тәжірибелерді бөлісуге негізделген тұрақты серіктестік қалыптасқан.

– Біз тұрақты түрде екіжақты сапарлар ұйымдастырамыз, бірлескен іс-шараларға қатысып, ынтымақтастық бағыттарын белсенді түрде талқылаймыз. Негізгі назар – биржалық деректерді тарату, кросс-листинг пен демеуші листингке аударылған. Бұл шаралардың барлығы нарықтарды тереңдетуге және олардың қатысушылар шеңберін кеңейтуге бағытталған, – деді Гасымов.

Ол қор нарықтарының табысты дамуы тек жоғары деңгейдегі ашықтық, ақпаратқа қолжетімділік, өтімділік пен белсенділік қамтамасыз етілген жағдайда ғана мүмкін болатынын атап өтті. Оның бәрі инвесторлар мен эмитенттерге қатысты.

– Капитал нарығының тиімділігі – оның барлық қатысушыларының өзара іс-қимыл сапасына және инвестициялық стратегияларды қолжетімді әрі сенімді биржалық құралдар арқылы іске асыру мүмкіндігіне байланысты, – деп түйіндеді БҚБ өкілі.

ТАСС: Қазақстанда «Яндекс.Такси» тарифтерді өсірмеуге міндеттелді

Қазақстанның Бәсекелестікті қорғау агенттігі «Яндекс.Такси» компаниясына жүргізілген тексеруден кейін бірқатар осындай талап қойған. Енді компания «эконом» тарифі бойынша жүргізушілер үшін комиссияны екі жылда бір реттен жиі өсіре алмайды, баға белгілеу жүйесін ашық етуі және тарифтерді көтермес бұрын агенттікті алдын ала хабардар етуге тиіс. Бұл туралы агенттік төрағасының орынбасары Болат Самбетовтің мәлімдемесіне сілтеме жасай отырып, ТАСС хабарлады.

Оның айтуынша, агенттік Цифрлық даму министрлігімен бірлесіп, «Яндекс.Такси»-дің алгоритмдік баға белгілеу жүйесіне талдау жүргізген.

– Тексеру нәтижесінде антимонополиялық комплаенс жасалды. Бұл құжатта «Яндекс» өзіне алған міндеттемелер көрсетілген, соның ішінде тариф пен базалық құнды көтеру туралы шешім қабылданған жағдайда үш күн бұрын агенттікті хабардар ету міндеті бар, – деді Самбетов баспасөз мәслихатында.

Ол сондай-ақ компания әуежай маңындағы тұрғын үй аудандарының тарифін әуежай аймағына жатқызу тәжірибесін жоятынын атап өтті. Сонымен қатар, компания «эконом» тарифі ең көп қолданылатын қалада комиссияны екі жылда бір рет қана арттыра алады.

– Құжаттағы негізгі талаптардың бірі – егер тапсырыс құны сапардың базалық құнынан екі есе артық болса, онда «Яндекс.Такси» бұл жағдайда өзіне комиссия алмайды. Яғни, бұл табыс толықтай жүргізушілерге қалады. Сонымен қатар, жүргізушілерге арналған қосымша бонус бағдарламалары енгізіледі. Бұл саладағы айналым мен инфляция деңгейіне қарай 7-10 млрд теңге көлемінде болады, – деді Самбетов.

Соңғы жаңалықтар