Әлемдік БАҚ-тағы Қазақстан: АЭС-ке маман даярлау, суперкомпьютер мен су мәселесі
АСТАНА. KAZINFORM – Бұл аптада жаһандағы интернет-басылымдар Қазақстанға қатысты жаңалықты қалыс қалдырмады. Көбіне Қырғызстанмен арадағы тауар айналымының ұлғаюы, Мемлекет басшысының су мәселесіне алаңдауы назарға іліккен. Оған қоса Орталық Азиядағы ең қуатты суперкомпьютердің іске қосылуы мен алғашқы АЭС мамандарын қай тарап даярлайтыны айтылған. Толығырақ Kazinform тілшісінің шолуынан оқыңыз.

ТАСС: Қазақстан мен «Росатом» алғашқы АЭС мамандарын даярлайды
Қазақстандағы алғашқы АЭС құрылысын «Росатом» компаниясы салатыны хабарланған еді, көп ұзамай АЭС мамандарын оқыту ісі де аталған компаниямен бірлесе жүзеге асатыны белгілі болды. Апта ішінде Атом энергиясы жөніндегі агенттіктің мәліметін ресейлік ТАСС бөлісіпті.
Атом электр станциясының құрылысына қатысты шешімге сәйкес, консорциум көшбасшысы ретінде «Росатом» компаниясы таңдалған болатын. Жуырда Атом энергиясы жөніндегі агенттік пен «Росатом» АЭС салу жөніндегі жол картасын бекітті. Оған қоса «Росатом» қажетті мамандарды әзірлеу міндетін жауапкершілігіне алып отыр.
«Консорциум көшбасшысының міндетіне қызмет көрсетуші персоналдарды дайындау кіреді. АЭС-ті пайдалану үшін шамамен 2000 адам, оның ішінде ядролық мамандық бойынша 400 адам қажет. Ал қалғандары – бізде жұмыс істеп тұрған көмір және газ электр стансаларында еңбек ететін бейінді-техникалық мамандар. Ядролық мамандықтар бойынша қызметкерлерді даярлауға келер болсақ, қазіргі уақытта физикамен, энергетикамен және электртехникамен байланысты 18 білім бағдарламасы іске қосылды», – делінген Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің мәліметінде.
Ведомство мәліметінше, мамандар Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де оқытылатын болады. Сондай-ақ шетелдік ЖОО-ларда маман даярлауға қадам жасалып, студенттердің жұмыс істеп тұрған АЭС-терде тәжірибе жинақтауына жол ашылмақ,
Айта кетейік, Қазақстандағы алғашқы АЭС Алматы облысының аумағында салынады. Жоба бойынша құрылыс жұмысы 2035-2036 жылы бітуі қажет. Жобаның болжамды құны 14 млрд доллар шамасында.
Report: Қасым-Жомарт Тоқаев суперкомпьютерді іске қосу рәсіміне қатысты
Қазақстанда Орталық Азиядағы ең қуатты суперкомпьютер іске қосылды. Маңызды технология Alemcloud Ұлттық суперкомпьютер орталығына қойылған. Компьютерді іске қосу рәсіміне Мемлекет басшысының өзі арнайы қатысты. АқпараттыReport жариялады.
Қазіргі таңда суперкомпьютер Alemcloud Ұлттық суперкомпьютер орталығының NVIDIA H200 графикалық процессорлары базасында жасақталған. Жаңа дата-орталықтағы жүйені Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі халықаралық серіктестермен бірге орнатқан. Жаңа суперкомпьютер кластері FP8 форматында есептеу әдістемесі бойынша 2 экзафлопсқа дейінгі өнімділікті қамтамасыз ете алады. Есептеу қуаты жағынан Орталық Азия өңіріндегі ең үздігі саналады.
Қасым-Жомарт Тоқаев суперкомпьютердің іске қосылуы елдегі негізгі салаларды цифрландыратын маңызды қадам екенін айтқан. Бұл Қазақстанның цифрлық технологияларды дамытуда айтарлықтай өркендеуіне ықпал етеді. Суперкомпьютердің есептеу қуатын нейрожелі шешімдерін әзірлеумен айналысатын стартаптар, университеттер мен ғылыми орталықтар, сондай-ақ мемлекеттік мекемелер мен жеке компаниялар пайдалана алады.
Anadolu: Су қауіпсіздігі – Қазақстан экономикасының күретамыры
Аймақтағы су тапшылығы мәселесі оқтын-оқтын көтеріледі. Бұл жолы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев маңызды тақырыпты қайта назарға салды. Ол су шаруашылығы мамандарын кәсіби мерекемен құттықтау сәтінде салаға қатысты ойын білдірген. Мемлекет басшысының сөзін Anadolu ақпарат агенттігі таратты.
Президенттің сөзінше, су қауіпсіздігі мәселесі – Қазақстанның тұрақты дамуының негізгі шарты. Сондықтан ел бірнеше жылдан бері Орталық Азия мемлекеттерінің Су-энергетикалық консорциумын құру бастамасын насихаттап келеді.
«Ең алдымен, трансшекаралық өзендер бассейніндегі суды тиімді пайдалану жүйесін жолға қою үшін көршілес мемлекеттермен ықпалдастыққа мән берген жөн. Қазақстан су ресурстарын рационалды, әділ әрі тең құқылы негізде пайдалану қажет деген ұстанымды жақтайды. Сондай-ақ су қауіпсіздігі мен тұтас аймақтың тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында өзара міндеттемелерді сақтаған дұрыс. Көршілес елдермен конструктивті диалог және тараптардың мүддесіне сай ынтымақтастық жалғасады деп үміттенеміз. Қазақстан Орталық Азия елдерінің су-энергетика консорциумын құру бастамасын дәйекті түрде ілгерілетіп келеді», – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың болжамынша, 2040 жылға қарай әлемде суға сұраныс 40 пайызға артуы ықтимал. Аталған жағдайға дайындықты қазірден бастау үшін нақты шешімдер керегін айтқан. Сол үшін Қазақстан су дағдарысын еңсеруді көздейтін көпжақты бастамаларға белсенді қатысуда. Президент өткен жылы Сауд Арабиясындағы арнаулы саммитте су проблематикасын шешудің негізгі тәсілін бөлескенін ұмытпадық. Ал келер жылы Қазақстанда БҰҰ аясындағы Өңірлік экология саммитін өткізу жоспарланған.
«Кіші Аралды құтқару үшін жылдар бойы ауқымды жұмыс атқарылып келеді. Соның арқасында қашқан теңіз қайта оралып, айдыны суға толып жатыр. Каспий теңізін, Балқаш көлін, басқа да су көздерін сақтап қалу үшін нақты шаралар қабылдау қажет», – деді Президент.
Trend: Қазақстан-Қырғызстан тауар айналымы ұлғайды
Биыл І тоқсанда Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы тауар айналымы 43,5 пайызға артып, есепті кезеңде өзара сауда көлемі 99,9 млн долларды еңсерген. Сауда және интеграция министрлігінің мәліметін Trend ақпарат агенттігі хабарлады.
Ресми дерекке сенсек, Қазақстаннан Қырғызстанға жөнелтілген экспорт көлемі 44,3 пайызға ұлғайып, 80,1 млн долларға жетіпті. Ал Қырғызстаннан келетін тауар 39 пайызға көбейіп, 19,8 млн долларды құраған көрінеді.
Кейінгі жылдары еларалық экономикалық байланыс көрсеткіші қарқынды дамуда. Мысалы, өткен жылы екі мемлекет арасындағы жалпы сауда көлемі 350,9 млн долларға жеткенін білеміз. Бұл – 2023 жылмен салыстырғанда 8,4 пайызға артық.
Биыл статистика бұдан да жоғары болатын секілді. Себебі Ауыл шаруашылығы вице-министрі Бағлан Бекбауов қазақ-қырғыз жұмыс тобында өзара өнім жеткізудің стратегиялық бағдарламасы талқыланып жатқанын айтқан.
Негізгі жобалардың ішінде Астанада қырғыз өнімдерінің пилоттық аграрлық көрмесін өткізу жоспары бар. Сондай-ақ Қырғызстанның Талас облысы мен Қазақстанның Жамбыл облысы арасындағы тауар айналымын оңтайландыру және шекарадағы өткізу пункттерінде жүк ағынын ұлғайту туралы келісімге қол жеткен.