Әлемдік рейтингіде Қазақстанның университтері қалай бағаланып жүр
АСТАНА. KAZINFORM – Ғылым және жоғары білім министрлігі қазіргі кезде Қазақстанның қай университтері әлемдік озық оқу орындарының рейтингінде жоғары бағаланып жүргенін хабарлады.

- Биыл шыққан QS World University Rankings 2026 нәтижелеріне сәйкес, рейтингке Қазақстанның 20 жоғары оқу орны енді. Рейтингке енген үш жаңа университет – Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті және Шәкәрім университеті. Бұл оқу орындары алғаш рет әлемдік рейтингке кірді. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті алғаш рет жұмыс берушілер арасындағы бедел индикаторы бойынша әлемнің үздік 100 университетінің қатарына кірді. Сондай-ақ әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті және басқа да 5 университет оқытушылар мен студенттердің білім беру процесіндегі байланысы бойынша 100 үздік қатарынан орын алды. Бұл көрсеткіш оқу процесінің сапасы мен жеке қатынасқа негізделген білім берудің маңызын білдіреді, - делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында.
Ведомство ақпаратына қарағанда, жаңа рейтингте Abai University 628-орынды иеленіп, былтырмен салыстырғанда бірден 43 позицияға жоғары көтерілді (671–680 аралығы). Осылайша, университет әлемнің үздік 650 жоғары оқу орнының қатарына кіріп, Қазақстанның алдыңғы қатарлы үздік 5 университетінің бірі ретінде өз орнын нығайтты.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мемлекеттік университеттерде оқу ақысы өспейтінін айтты.