Әлемге танымал құпиясөз менеджеріне хакерлік шабуыл жасалды

АСТАНА. KAZINFORM — Құпиясөздерді сақтау және қорғау қызметін ұсынатын әлемдегі жетекші платформалардың бірі 1Password компаниясы кибершабуылға ұшырағанын хабарлады. Шабуылдаушылар компанияның ішкі жүйелеріне кіріп, кейбір пайдаланушылардың есептік жазбаларына қатысты деректерді көшіріп алған.

Әлемге танымал құпиясөз менеджеріне хакерлік шабуыл жасалды
Фото: The Hacker News

Компанияның мәліметінше, шабуылдаушылар клиенттердің аты-жөні, электронды мекенжайы, есептік жазба нөмірі, тіркелген және жүйеге соңғы рет кірген күні, сондай-ақ техникалық деректері сияқты ақпаратқа қол жеткізген. 

Хакерлер әуелі GitHub платформасындағы 1Password қызметкерінің корпоративтік аккаунтын бұзып, сол арқылы компания серверлеріне зиянды код енгізген. Айта кетейік, GitHub — бағдарламалық кодты сақтауға және бірлесіп жұмыс істеуге арналған платформа.

Кибершабуыл туралы 2026 жылғы 19 қарашада белгілі болды. Хакерлер компанияның жабық қоймаларындағы бастапқы кодты көшіріп қана қоймай, бағдарламалық жасақтаманы әзірлеу және жаңарту құралдарына да қол жеткізген. Алайда 1Password өкілдері көшірілген кодта пайдаланушылардың құпиясөздері мен өзге де жеке мәліметтері болмағанын атап өтті. Осыған байланысты құпиясөздер сақталған қоймалардағы деректерге, шифрлау кілттері мен пайдаланушылардың құпия кілттеріне қауіп төнген жоқ.

Бұған қоса шабуыл анықталған соң 1Password компаниясы бұзылған GitHub аккаунтын бұғаттап, қолды болған қол жеткізу кілттерін жарамсыз етті. Сонымен қатар хакерлер иеленуі мүмкін деректерді жаңартып, ішкі жүйелерінің қорғанысын күшейтті. Бұдан бөлек қауіпсіздік шараларын тексеру үшін тәуелсіз мамандарды тартты.

1Password компаниясы пайдаланушыларды өз атын жамылған алаяқтардан сақ болуға шақырды. Компания атынан жалған хаттар мен хабарламалар жіберіліп, қоңыраулар шалынуы мүмкін екенін ескертіп, әсіресе сілтемеге өтуді, шақыруды қабылдауды немесе аккаунтқа кіру мүмкіндігін қалпына келтіруді сұрағандарға сенбеу керек екенін айтты. Бұған қоса компания өкілдері 1Password ешқашан пайдаланушылардан құпиясөздері мен құпия кілттерін сұрамайтынын еске салды. Сондай-ақ болған оқиғаға байланысты аккаунт құпиясөзін өзгертуге немесе оның баптауларын жаңартуға ешқандай қажеттілік жоқ екенін мәлімдеді.

Еске салайық, бұған дейін Францияның La Poste пошта қызметіне тиесілі Maileva платформасына жасалған кибершабуылдан 22 миллионға жуық адамның жеке дерегі хакерлердің қолына түскенін хабарлаған едік.