Әлемнің әр түкпірінде жүрген ақтөбеліктер қыркүйекте бас қосады

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Қыркүйекте «Ақтөбе - құтты мекен» форумы өтеді. Шараға әлемнің түкпір-түкпірінде жүрген ақтөбеліктер қатысып, туған жердің дамуына үлес қосу, қолдан келер көмек беру мәселелерін талқылайтын болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әлемнің әр түкпірінде жүрген ақтөбеліктер қыркүйекте бас қосады

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының «Туған жер» жобасы Ақтөбеде кең көлемде іске асыралуда. Бүгінде өңірде «Ақтөбе - құтты мекен» форумына дайындық жүріп жатыр. Қазіргі күні әлемнің 15 елінде тұратын 200-ден астам ақтөбелік туған жерге келіп, форумға қатысуға келісім берген.

«Туған жерге деген ықылас пен патриотизмді қалыптастыру мақсатында форум ұйымдастырып отырмыз. Ақтөбе жерінде туып-өсіп, жұмыс істеген жерлестерімізді өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосуға шақырамыз. Тізім жасалды. Барлығы 321 адамның аты-жөні мен оларға қатысты мәлімет жинақталды. Қазіргі күні әлемнің 15 елінде тұратын 218 адам форумға қатысуға келісім берді. Олардың қатарында кәсіпкерлер мен мәдениет, өнер қайраткерлері, спортшылар  бар»,- деді форумды ұйымдастыру комитетінің төрайымы Сәния Қалдығұлова.

Форум аясында атақты ақтөбеліктер түрлі семинарлар өткізіп, шеберлік сабақтарын ұйымдастырады. Қайырымдылық концерттер болады. Ғылыми-тәжірибелік конференциялар өтеді. Форум кезінде бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында салынып жатқан Жастар сарайы, Жекпе-жек сарайы мен Шығармашылық академиясын ашу жоспарланған.

«Туған жер» бағдарламасы аясында «Туған жерге тағзым» акциясы өтіп жатыр. Алғашқы жартыжылдықта ақтөбеліктер құны 1 миллиард теңге болатын 338 жобаға қолдау көрсетті. Әлеуметтік нысандарды салу, қайта қалпына келтіру, оларды заманауи технологиямен жабдықтау, көгалдандыру, жол жөндеу жұмыстары жүрді»,- деді С. Қалдығұлова.

Айта кетейік, форумға орай Ақтөбеде zherlester.akt.kz интернет-ресурсы іске қосылды.