Әлеуметтік қызметкер: Жалғызбасты қариялар бізді көргенде балаша қуанады
Қырмызы Балықова бір ұл мен бір қыздың анасы, бес немеренің әжесі. Оның жұмысы қарттарға медициналық көмек көрсетіп, үй жинау, дүкеннен азық-түлік тасу, дәріханаға бару, коммуналдық төлемдерді өтеу. Бәріне бар болғаны 2 сағат уақыт берілген. Осы аралықта әлеуметтік қызметкер өзі бағып-қағып отырған қариямен сөйлесіп, әңгімелесіп, алыстағы туысы мен баласына хат жазып үлгеруі тиіс.
«Әлеуметтік қызметкер болу өзіме ұнайды. Біз жалғыз қалған қарттарға көмектесеміз, аптасына екі рет екі сағатқа барып, қолдан келер барлық көмегімізді береміз. Олар бізді, біз оларды көргенде балаша мәз болып, құшақ жайып, қауышамыз. Ата-әжелер қыздарын күткендей тосып, бізді есік алдынан қарсы алады. Мен 9 адамға қызмет көрсетемін. Олардың арасында ерлі-зайыпты қариялар бар»,- деді әлеуметтік қызметкер Қырмызы Балықова.
Ақтөбеде әлеуметтік қызметкерлер қоғамдық көлікте тегін жүреді, олар айтулы даталарда сыйақы алады. Тұрғын үй секторы арқылы пәтер кезегіне тұра алады. Бірақ жалақысы тым аз. Қариялардың киімін жуып, жуындырып, шашып қиып, күтімін жасайтын қызметкерлер бар болғаны 47 мың теңге алады.
«Біз қариялардың көңіліне қараймыз. Олардың қуанышын да, қайғысын да бөлісіп отырамыз. Қариялар арасында мүлде жалғыз қалғаны, балалары басқа қалада тұратындары да бар. Біз бұрыннан жұмыс істеген соң өз адамындай сенеді. Әрине, жасы үлкейген адам ұмытшақ келеді. Сол себепті ереже бойынша журнал жүргізіледі. Сол журналға барлық жұмысымыз жазылып, қолтаңба қойылады. Мұндай журнал екеу. Біреуі әлеуметтік қызметкерде, екіншісі қызметкердің көмегіне мұқтаж қарияда. Біз алғашқы медициналық көмек көрсетеміз. Алдын ала оқытты, жолдарын білеміз. Көбі жүрек ауруына шалдыққан, қан қысымы тұрақсыз»,- деді Қырмызы Балықова.
Әлеуметтік қызметкер шыдамды болуы керек. Олар қарттармен әңгімелесіп, өмір жолын тыңдай алады.
«Басқа жұмысқа бара алмаймын. Қарияларға бауыр басып қалдым, олар біздің ата-анамыз сияқты. Құшақ жая қарсы алады, күтіп отырады. Дүйсенбі күні үйден шығар кезде телефон шаламыз. Туған балалары келе жатқандай күтеді. Ал есігін аша алмасақ төтенше жағдайлар қызметіне хабарласамыз. Полиция қызметкері келеді. Әлеуметтік қызметкер алдымен меңгерушіге хабар беруі тиіс. Қариялардың туған-туыстарымен де байланыста боламыз. Көбі өзге ұлт өкілі. Сондықтан жұмыста жүріп орыс тілін үйренуге тура келді»,- деді әлеуметтік қызметкер.
Қариялардан сыйлық алуға болмайды, әлеуметтік қызметкерлер оларға сыйлық жасамайды. Кез келген уақытта телефон шалып, ақыл-кеңес сұрай алады, ал шұғыл жағдай болса, әлеуметтік қызметкер қарияның үйіне барады. Бұрын Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне көмек көрсеткен Қырмызы Балықова қазір тыл ардагерлеріне, зейнеткерлер мен мүгедектерге қарайды.