Әлеуметтік желіде жеңілдік жасауды сұрайды — Ақтөбедегі жалғыз әйел қызмет инспекторы

Мопед, скутерді тіркеу, велосипедті ұрылардан қорғау. Ақтөбе қалалық ПБ патрульдік полиция батальонының жалғыз әйел қызмет инспекторы, майор Әсем Прмағанбет қазір әлеуметтік желі арқылы жасөспірімдермен, жастармен сөйлесіп, оларға құқықтық кеңес береді. Инспектор әлеуметтік желіні қоғаммен байланыс құралына айналдырып, ақтөбеліктердің назарына ілікті. Kazinform тілшісі ел аузында жүрген полиция қызметкерімен кездесіп, сөйлесті.

Әсем Прмағанбет
Фото: Әсем Прмағанбеттің жеке мұрағатынан

— Сіз Ақтөбедегі патрульдік полиция батальонында шақыртуға баратын, көшедегі тәртіпті бақылайтын жалғыз нәзік жанды қызметкерсіз. Әңгімені алдымен таныстықтан бастайық…

— 2011 жылдан бастап ішкі істер органдарында қызмет етемін. Яғни еңбек өтілім жоғары оқу орнына түскен кезден басталады. Астанадағы Қаржы полициясы академиясында 4 жыл білім алып, Ақтөбеде анықтаушы, тергеуші болдым. Содан кейін Ақтөбе қалалық полиция басқармасына ауыстым. 2023 жылдан бастап патрульдік полиция батальонында қызмет етіп жүрмін.

— Анықтаушы мен тергеуші болған екенсіз. Көбіне қандай істер түсті?

— Әйел заты болғандықтан кішкентай қыз балаларға, жасөспірімдерге қатысты жасалған сексуалдық зорлық-зомбылық істерді тергедім. Одан бөлек алаяқтық, тонау, қарақшылық істерін де қарадым. Анықтаушы — жеңіл және орташа ауыр қылмысты тергейді. Мәселен жай ғана ұрлық болса, бұл анықтаушының жұмысы. Ал аса ірі мөлшерде залал келтірсе, ұрып, затын тартып алса, тергеушілердің жұмысы.

— Анықтаушының да, тергеушінің де жауапкершілігі жоғары. Сол қызметтен патрульдік полиция қызметіне қалай ауыстыңыз?

— Кішкентай кезімде патрульдік полиция қызметінің көліктерін көріп, осы салада еңбек етуді армандадым. Ақтөбеде осы салада Жанат Ахетова жұмыс істеді. Ақтөбеліктер Зена лақап атымен таниды. Соған қарап еліктедім, «осындай болғым келеді» дедім. Бір салада жүрген соң оны көрдім, таныдым. Өсе келе мүмкіндік болып, ауыстым. Бұл қызметке ауысқаныма 2 жыл толды.

— Жылдар нені өзгертті? Не көріп, не түйдіңіз?

— Әкімшілік полиция басқармасының патрульдік полиция батальонына қызметке келген соң ой-танымым кеңейді, адамдар арасына жиі шықтым. Шақырту алдымен патрульдік полицияға түседі, сондықтан оқиға орнына бірінші жететін де біз. Қалада болып жатқан барлық оқиға, қылмысты бірден біліп, хабардар болып отырамыз. Жұмысқа таңертең барып, кешкі 18:00–де шығып кету деген жоқ. 12 сағаттық жұмысқа мен де, менің отбасым да үйренген. Дегенмен әріптестерім түнгі ауысымға шығармауға тырысады. Үш күн күндіз, үш күн түнгі ауысым, содан соң бір күн демалыс. Тергеушінің де жұмысы дәл осылай өтеді. Бұл мен армандаған, қалап оқуға түскен сала.

— Астанада білім алдыңыз, жетілдіңіз. Жас мамандар оқып-тоқыған жерінде қалғысы келеді, тіпті қалып қояды. Ал сіз Ақтөбеге оралдыңыз. Неге?

— Бұл менің туған жерім. Сонымен бірге Астанада қалу туралы ойлағаныммен, менде қорқыныш болды. Мұнда ата-анам бар. Бір жағынан жұмыс істеп, өз еңбегіммен тапқан нанымды жегізгім келді.

— Анықтаушы, тергеуші, полиция инспекторы қызметтерін атқардыңыз, әлі де осы салада жұмыс істеп келесіз. Сізге әсер еткен, ой салған іс туралы айтып берсеңіз…

— Өмір болған соң кейде ерлі-зайыпты ажырасады, бала анасымен қалады. Кейін әйел өз бақытын кезіктіріп, қайта тұрмысқа шығады. Өкініштісі өгей әке баланы өз баласындай қабылдай бермейді. 14 жасқа дейінгі қыздарға қатысты жасалатын көп қылмысты өгей әке немесе бөгде ер адамдар жасайды. Тергеуші болып жүрген кезде бір оқиға болды. Әйел өз қызымен ашық сөйлеспейді. Ал қыз ауылға барғанда басынан өткен жағдайды әжесіне айтып берген. Өгей әкесі сексуалдық сипаттағы зорлық жасаған. Әжесі арыз жазған соң анасын шақыртып алдық. Қылмыстық іс расталып, өзбекстандық азаматтың ісі әшкере болды. Сол кезде қыз балада психикалық ауытқулар көрінді. Оны бір айға ауруханаға жатқызып, сараптама тағайындалды. Әйел «өтірік айтады» деп қызына сенбей, азаматтық некедегі ер адамды жақтап отырды. Жасөспірімге қолдау көрсетіп, киім-кешек де апарып бердім. Қазір сол оқиға есіме түссе, қызды қайта туып алып, жағдайын білгім келеді. Ал ер адамның кінәсі дәлелденіп, сотталды. Тіпті оның Өзбекстандағы әйелі де келді. Тағы бір оқиға есіме түсті. Әлеуметтік желі арқылы Қостанай қаласының тұрығыны жазды. Жасөспірім қыз өгей әкесінің сексуалдық зорлық жасағанын айтты. Мен істі тіркеп, әріптестеріме жібердім. Ол да анасына айтқан, анасы сенбеген. Мұндай да жағдай болды.

— Ата-аналардың қателігі неде?

— Ата-ана балаларымен сөйлеспейді, сөйлесе алмайды. Қазір мен әлеуметтік желілерде парақшалар жүргіземін. Бозбалалар мопед, скутер айдайды. Оларға арнап жол ережесі мен талаптарын түсіндіремін. Жақында «JAS KEÑES SIYLIĞI» байқауында жеңімпаз атандым. Қалай? Мен жасөспірімдерге біртабан жақынмын. Олар маған хабарлама жазады, кеңес сұрайды, жақын тартады. «Ана-анаңа айттың ба?» деп сұраймын олардан. Көбі жасырып қалғанын, егер біліп қалса, ұрысатынын айтады. Бұл нені білдіреді? Демек ата-ана өз баласымен дұрыс сөйлеспейді. Менің балам қазір балабақшада. Ол үйге келгенде былдырлап түсіндіреді. Ұрыспай, сөйлесіп, барлық мән-жайды біліп алуға болады.

— Демек ата-ана баламен жай ғана сөйлесіп, оны бақылауда ұстай ала ма?

— Иә, дәл солай. Егер бас салып ұрыссаңыз, бала сізге сырын айтпайды, жабылып қалады. «Айқайлайды, не істеймін оған айтып» дейді. Байқауға қатысқан кезде ұйымдастырушылар онлайн байланысқа шығып, жұмыстың қалай өтіп жатқанын білді. Мен сол кезде патрульде жүрдім. Скутер айдап жүрген бозбаланың ізінен қуып жүргенде ол көлігін тастап, өзі қаша жөнелді. Бір кезде әлеуметтік желі арқылы «Апай, соңымнан полиция қуып келеді. Скутерді тастап кеттім. Олардың іс-әрекеті дұрыс па?» деп жазыпты. Мен «скутерді тастаған жерге кел» деп жазып жібердім. Келді, көрді, күлді. Оның соңынан қуып келе жатқан мен едім. Айттым, жол ережесін түсіндірдім. Полиция ескерту берді ме, тоқтау керек. Ата-анасы баласында скутер бар екенін де білмейді. Олар қымбат телефон алып берген, ал баласы оны сатып, стукер алған. Айыппұл салынды. Кейін анасы алғысын айтты.

Әсем Прмағанбет
Фото: Әсем Прмағанбеттің жеке мұрағатынан

— Ал жасөспірімдердің қателігі неде?

— Дер кезінде айтпай, жасырып қалады.

— Әлеуметтік желіде аккаунт ашып, оны жүргізесіз. Демек бұл да сізге қосымша жұмыс…

— Жасанды интеллект дамып жатыр, жастар, жасөспірімдер сол әлеуметтік желіде отырады. Демек біз де осы мүмкіндікті пайдалануымыз керек. Кейбір адам «Басқа жұмыс жоқ па, не істеп отырсыңдар?» деп айтады. Бұл қате түсінік. Онда мен артық ештеңе айтпаймын, қарапайым жолмен заң талаптарын, жол ережесін түсіндіремін. Тіпті скутерді тіркеу қиын деп ойлап жүргендерге көп көмек болды. Скутер, құжат, ата-анасы. Міне, бар болғаны осы ғана керек.

— Сіздің аккаунтыңызға жазылушылар көп пе?

— Екі аккаунт бар. Бірі патрульдік полицияның, бірі өзімдікі. Екеуіне 40 мыңға жуық адам жазылған. 

— Қалай басталды?

— Қалада жедел алдын алу шарасы жүріп жатыр. Бір кезде көше қиылысында бағдаршам істен шығып, маған жол қозғалысын реттеу жүктелді. Сол кезде сыртымнан әлдебіреу түсіріп алып, әлеуметтік желіге жүктеген. Танылып, кейін әріптестерім осындай ой салды. Шынында да жазылушылар көбейді. 

— Әріптестеріңіз жеңілдік жасай ма?

— Демалыс береді, түнгі емес, күндізгі ауысымға қояды. Кішкентай балам болған соң тамақтануға, демалуға рұқсат береді. Құжаттармен жұмыс істеп, өздері сыртқа шығады. Ал шақыртуға барғанда хаттама толтырамын, әріптестерім ашуланып тұрған адамдарды тыныштандырады. Жол бойында көп адам ілтипат білдіреді. Кейде көлікпен қуып жетіп, хаттама толытыруды сұрайтындар бар. Әлеуметтік желіде жеңілдік жасауды да сұрайды. Бірақ бәрін де заң реттейді.

Әсем Прмағанбет
Фото: Әсем Прмағанбеттің жеке мұрағатынан

— Кеңес берсеңіз…

— Әке, ана, бала. Бұл үшеуі үнемі бір болып, бір-бірімен ашық әңгіме құруы тиіс. Қазір бала интернетте отырады, ата-ана шет қалды. Сол олқылықтың орнын толтыру үшін біз әлеуметтік желіге шықтық. Балалар таниды, біледі, заң талаптарын түсінеді. Күн сайын тіркелетін қылмысқа анализ жасалып, содан кейін видео түсіреміз. Мәселен велосипед ұрлығы көбейді жазда. Содан соң біз велосипедті ұрлап кетпеуі үшін оны қайда қою керегін, қалай қорғауды түсіндіреміз. Электрсамокатты айдаудың де ережесін көп жазылушы біз арқылы білді. Айтар кеңесім, жолда ешқайда асықпау керек. Қазір адамдар әлдеқайда асығып жүреді ғой. Содан соң жол белгілеріне қарау керек. Бағдаршам істемей қалған кезде жүргізушілер бір-біріне жол бермей жүреді. Біз айтқанның, көрсеткеннің 1-2% ойға түйіп, түсінсе, әкімшілік құқықбұзушылық, қылмыс азаяды. Қашанда адам адам болып қалуы керек.

— Сізді не ерекшелендіреді?

— Бойым ұзын. Адамдардың есінде солай қалатын сияқтымын.

Соңғы жаңалықтар