Альфардтан келген ажал – Әкімшілік полиция бастығы Ақтөбедегі қайғылы жайттың себебін айтты

АСТАНА. KAZINFORM – Ішкі істер министрлігі InDriver, Яндекс компаниялары такси жүргізушілерінің демалыс режимін сақтауды міндеттемекші. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев осындай мәлімет айтты.

Ақтөбе облысы
Фото: Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметі.

ІІМ өкілі InDriver, Яндекс қосымшалары арқылы жолаушы тасымалдайтын азаматтардың көлік апатына жиі себепші болатынын айтады. 

«Олар жолда ұйқысыз және демалыссыз жүреді. Күнделікті медициналық тексеруден өтпейді, көліктің техникалық жағдайын тексермейді. Біз оларды тоқтатамыз, ескертеміз, бірақ бұл шаралар тиісті нәтиже бермейді», - деген ол сөзіне нақты мысал да келтірді.

«Өткен айда, Ақтөбе облысында біздің қызметкерлер күндіз «Альфард» көлігін тоқтатып, жол ережелерін сақтау қажеттігін ескерткен. Алайда, біраз уақыттан кейін жүргізуші аударылып, салдарынан 4 адам қаза тауып, 1 адам ауруханаға түсті.

Көлік министрлігімен бірлесіп интернет-агрегаторлармен меморандум жасалды. Енді жүргізушілерге, олардың еңбек және демалыс режимін сақтауына, көліктің белгіленген қағидаларға сәйкес болуына қойылатын талаптар күшейтіледі», - деді Қайсар Сұлтанбаев.