Алғаш рет майлы зығырды жедел селекциялау бағдарламасы іске қосылды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда 2025 жылы бұл дақылдың егіс алқаптары 34 пайызға ұлғайды. Бұл туралы АШМ баспасөз қызметі хабарлады. 

Алғаш рет майлы зығырды жедел селекциялау бағдарламасы іске қосылды
Фото: АШМ

Бұл жоба Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының (ҰАҒБО) еншілес ұйымы болып табылатын Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында SPEED BREEDING технологиясын қолдану арқылы жүзеге асырылып отыр. Майлы дақылдар зертханасының меңгерушісі Светлана Дидоренконың айтуынша, жаңа тәсіл жергілікті климаттық жағдайларға бейімделген отандық сорттарды шығару мерзімін айтарлықтай қысқартуға мүмкіндік береді.

Зығыр (Linum usitatissimum L.) әлемдік егіншіліктегі маңызды майлы дақылдардың бірі және жоғары экономикалық әрі селекциялық құндылыққа ие. Бүгінде оны 40-тан астам ел өндіреді, ал негізгі өндірушілер қатарында Ресей, Қазақстан, Канада, Қытай және Үндістан бар. 2014–2025 жылдар аралығында әлемдік зығыр тұқымы өндірісі 52 пайызға өсіп, 3,7 млн тоннаға жеткен. Ал Қазақстанда 2025 жылы бұл дақылдың егіс алқаптары 34 пайызға ұлғайды.

Светлана Дидоренконың атап өтуінше, Қазақстанда зығыр селекциясы бойынша ғылыми зерттеулер дәстүрлі түрде солтүстік өңірлерде жүргізіліп келген.

— Елдің оңтүстік-шығысында мұндай жұмыс алғаш рет қолға алынып отыр. Бұл аса маңызды, өйткені өңірдің топырақ-климаттық жағдайлары өзге селекциялық шешімдерді талап етеді, — деді ол.

Жоба аясында ҚазЕжӨШҒЗИ ғалымдары Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің мамандарымен бірлесіп, зығырдың ата-аналық формалары мен F₁ және F₂ гибридті ұрпақтарының селекциялық құндылығын зерттеуде. Зерттеудің негізгі мақсаты — жоғары өнімді әрі жергілікті жағдайларға бейімделген сорттарды шығару үшін перспективалы генотиптерді анықтау.

Зерттеу материалы ретінде Қазақстан, Ресей, Украина, Беларусь, Канада, АҚШ, Франция, Германия және Нидерландтан алынған әлемдік коллекцияның 27 сорты пайдаланылды. Гибридизация далалық жағдайда жүргізілді, ал гибридтерді одан әрі зерттеу жылыжай кешенінде және вегетациялық ыдыстарда жедел өсіру технологиясын қолдану арқылы жүзеге асырылып отыр.

Жобаның басты жаңалығы — жарық, температура және ылғалдылықтың бақыланатын жағдайында жылына төрт ұрпаққа дейін өсіруге мүмкіндік беретін SPEED BREEDING технологиясының енгізілуі.

— Қалыпты жағдайда бұл процеске бірнеше жыл қажет. Ал жаңа тәсіл селекциялық жұмысты орта есеппен 5–6 жылға қысқартуға мүмкіндік береді, — деп атап өтті зертхана меңгерушісі.

Ғалымдардың айтуынша, жедел селекция климаттың өзгеруі мен майлы дақылдарға сұраныстың артуы жағдайында жоғары өнімді, қуаңшылыққа төзімді әрі майлылығы жоғары зығыр сорттарын шығаруға жаңа мүмкіндіктер ашады.

Айта кетелік Қазақстандық май өндірушілер Эстонияға 5 млн доллар көлемінде өнім жеткізетіні туралы жазған едік

Соңғы жаңалықтар