Әлия Адамбаева «Дара» Президенттік бастамалар қорына жетекшілік етеді
АСТАНА. KAZINFORM — «Дара» Президенттік бастамалар қоры Қамқоршылық кеңесінің шешімімен Әлия Адамбаева қор президенті қызметіне тағайындалды.
Әлия Адамбаеваның медиа, үкімет және қаржы салаларында 25 жылдан астам кәсіби тәжірибесі бар. Осы жылдар ішінде ол басшылық қызметтерді атқарды, соның ішінде «Алматы қаласын дамыту орталығы» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары және Басқарма мүшесі, Қазақстан Республикасы Ұлттық банкі баспасөз қызметінің Ақпарат және коммуникациялар департаментінің директоры, «Орталық коммуникациялар қызметі» РММ директорының орынбасары, сондай-ақ Алматы қаласы әкімінің кеңесшісі болды.
Бұған дейін ол Қазақстанның жетекші іскерлік және қоғамдық-саяси БАҚ-тарында басшылық және редакциялық қызметтер атқарды.
Оның «Журналистика» мамандығы бойынша жоғары білімі, экономика және бизнес магистрі дәрежесі, сондай-ақ MBA және Executive MBA дипломдары бар.
Осыдан бұрын Алматы облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру басқармасының басшысы ауысқанын жазғанбыз.