Алқабилер соты қандай істерді қарамайды

АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Жоғарғы соты сот процесіне қатысу үшін алқабилерді іріктеудің мән-жайы туралы түсінік берді.

сот
Фото: Kazinform

«Олардың жеке басын жарияламау маңызды. Сондықтан алқабилер алқасына кандидаттарды іріктеу міндетті түрде жабық сот отырысында өтуі керек, ал істі қарау кезінде алқабилерді түсіруге тыйым салынады», - делінген Жоғарғы соттың Kazinform агенттігіне берген жауабында.

Сонымен қатар, алқабилер сотында қылмыстық топтың әрекеттері, экстремистік немесе террористік қылмыстар туралы істер қаралмайтыны хабарланды.

«Бұл тыйым алқабилерге болуы мүмкін қысымға тосқауыл қою үшін енгізілді. Өйткені, қылмыстық топ мүшелерінің саны айтарлықтай көп болуы мүмкін және іс қаралған кезде барлық қатысы бар адамдар ұсталмауы ықтимал», - деп аталып өткен Жоғарғы сот ақпаратында.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың ісіне қатысты сот 27 наурызға белгіленді

Бұл ретте, елорданың Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Қ.Бишімбаевтың ісі бойынша алқабилерді іріктеу өтті.