Аллергияның Гиппократ заманынан келе жатқан тарихы бар - дәрігермен сұхбат
Қазақстан халқының 60 пайыздан астамы аллергиямен ауырады. Әсіресе, халқымызда құрғақ климатта өсетін аллергендік өсімдіктердің көп болуына байланысты шөпке, тамаққа, дәрілерге және басқа да заттарға аллергия жиі кездеседі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ХХІ ғасырдың басты ауруларының қатарына аллергияны да кіргізіп отыр. Осы орайда, Kazinform агенттігі ҚР Президенті Іс Басқармасы Медицина орталығы емханасының бас аллерголог-иммунологі Ғалия Түсіпбековамен сұхбаттасып, аллергияның себептері мен емдеу жолдарын сұрап көрді.

− Ғалия Марксқызы, ең алдымен емхана туралы айтып беріңізші, аллергияға қатысты қандай жаңа технологияларыңыз бар?
− Президент Іс Басқармасына қарасты ауруханадағы Аллергология орталығы амбулаторлық көмек көрсетуге арналған. Емханада демікпе немесе басқа аллергияның ауыр түрімен келгендерді стационарға жатқызып, ем шараларын жүргізе аламыз. Келушілерге консультативті кеңес беру, диагноз қою да – маңызды жұмысымыз. Ол үшін біздің орталықта теріге қоятын аллергендер бар, сол арқылы 20 минутта нәтижесін көріп, ағзаның не нәрсеге аллергия тудырғанын анықтаймыз.
Оған қоса, аллергендер ғана емес, ағзаға түскен вирустар, паразиттер мен құрттар да аллергия тудырады, сондықтан қосымша тексерулер өткіземіз. Аллергия белгілері теріге ғана шықпайды, ол демікпе түрінде көрінеді, мұрын бітеледі, көз қышиды, асқазанда да ақаулар болуы мүмкін. Солардың әрқайсысын егжей-тегжейлі тексеру үшін ұлтабар, ішектерді қарау үшін ультрадыбыстық зерттеуге, эндоскопиялық тексерулерге жібереміз. Қажет болған жағдайда МРТ, компьютерлік томограмма, рентген секілді заманауи жабдықтар емханада қолжетімді. Сенімді мамандар мен сапалы медициналық жабдықтар болғандықтан, бізге еліміздің түрлі өңірлерінен және шет елдерден пациенттер арнайы келеді. Мәселен, Ресей, Молдавия, Калмыкия, Қырғызстан елдерінен арнайы келетін науқастарымыз бар. Германияға көшіп кеткен бұрынғы отандастарымыз да біздің орталыққа көрінуге келеді.
− Аллергология – салыстырмалытүрде өткен ғасырда пайда болған медицинаның жас саласы. Дегенмен, әлемдік денсаулық сақтау ұйымы ХХІ ғасырдың басты ауруларының қатарына аллергияны қосуы тегін емес. Аллергия адамзат пайда болғалы мыңдаған жылдар бұрын да ағзамызда болды ғой?
− Негізі аллергология саласының сонау Гиппократтан келе жатқан тарихы бар. V ғасырда ежелгі грек мемлекетінде тұрған бір патшаның денесі қышиды екен, ұзын шанышқы сияқты тарағымен арқасын қасиды екен. Сипаттауын оқысақ, қазіргі атопикалық дерматитке сәйкес келеді. Соған қарағанда аллергия ауруының тарихы әріде жатыр. Ал ХІХ ғасырда алғаш рет теріге аллергендерді тамызып, бір адамнан қан алып, екінші адамның терісіне тамызып, аллергияны анықтау әрекеттері болған. Ол Праустниц-Кюстнер әдісі деп аталады, қазіргі күнге дейін скарификациялық тексеру түрі бар.
Қазақстанда 1960 жылдарға қарай Беклемишев, Машкевич, Нұрпейісов, Шортанбаев, Испаева сынды профессор, академиктер және олардың шәкірттері – біз Қазақстандағы аллергология саласын дамытуға атсалысып жатырмыз. Алғашқы үлкен аллергология орталығы Алматыда болды, онда аллергологиялық зертханалар, Қазақстаннан шыққан шөптерге аллергендер жасайтын зертхана болды. Оған дейін аллергиямен ауыратындар тері дәрігеріне, өкпе мамандарына, терапевтерге қаралып келген еді.
Адамзат пайда болғалы шөп те бар, шаң-тозаң да бар, аллергия белгілері болды деп ойлаймын. Бірақ дәл қазір ХХІ ғасырда бұл ауру шамадан тыс көбейіп кетті. Ол экологиямыздың нашарлауына, тұрмыстық өмірде химияның көбеюіне, тағамдарымыздың сапасына байланысты. Әсіресе қала тұрғындарында аллергия көп болады, дүкендерге түрлі елдерден тропикалық жемістер келеді, олардың жақсы сақталуы үшін химикаттар қосылады, сүт тағамдардың ұзақ сақталуы үшін құрамында консерванттар болады. Бала туғаннан жан-жақтан химияның шабуылына ұшырағандықтан, иммундық жүйе өз жұмысын өзгерте бастайды. Соның әсерінен қазір аллергия да көп, онкология да көп, аутоиммундық аурулар да көп.
− Қазір аллергия жиі кездесіп, үйреншікті сөзге айналып кеткендей. Дегенмен оны емдемей жүре берсе, өмірге қауіп төндіретін ауру ғой?
− Кезінде пеницилин деген антибиотик науқастарға тағайындалатын. Кей адамдарда оған аллергия болуы мүмкін, оны ұмытса немесе сынама жасамай бірден қабылдаса, науқас шоктан өліп кететін жағдайлар болатын. Аллергияның Лайелл және Стивенс-Джонсон синдромдары, ОТАР және DRESS синдромдары секілді теріні ғана емес, тұтас ағзаны ауыртатын қатты түрлері бар. Соның ішінде ең қорқынышытысы – анафилактикалық шок. Сондықтан, бірінші кезекте денсаулыққа жауапты жан – сол адамның өзі. Қандай да бір аллергиясы болса, дәрігерді хабардар етіп, мамандарға көрініп, ағзасына жақпайтын дәріні басқа дәрілермен айырбастап отыруы керек.
Жусанға, ағашқа аллергиясы бар көптеген адамдар дәріханадан өз беттерімен дәрі алып емделіп жүре береді. Сол адамдар дәрігерге бармай, кейде шөптен жасалған дәріні ішіп қойса, олардың да ағзасы ауыр реакция көрсетуі мүмкін. Емге келген әрбір науқасымызға жеке нұсқаулық береміз: неден сақтану керек, қандай тағамдар жемеу керек, шұғыл жағдай болғанда, денені есекжем басып кетсе, демалу қиындаса не істеу керек, қандай препарат ішу керек, тіпті үйді қалай жинау керек, соның бәрін үйретеміз. Аллергиясы бар әр адам өзіне-өзі жедел көмек көрсете алуы керек.
− Оқырманға қарапайым тілмен түсіндірсек, биологиялық тұрғыда аллергия қалай пайда болады?
− Аллергия – сырттан келген заттарға болатын иммундық реакция. Мысалы жусан аллергені мұрынға түссе, сол кезде специфкалық иммундық жүйеміз оны сезіп, қан бөлшектерін – антиденелерді көптеп шығарады. Екеуі бірге қосылып, шок алған мүшеге, яғни мұрынға түссе аллергикалық ринит, көзде – конъюктивит, өкпеге қарай кетсе – демікпе, тамақ немесе препаратқа аллергия болса – есекжем түрінде шығады, денеде бөртік пайда болады. Ең асқынған түрі – терінің қабынуына, қан тамырларының ісінуіне әкеледі, ол кезде бауыр, бүйрпек, бүкіл ағза мүшелері аллергияға кірісіп кетеді. Сондықтан сырттан аллерген, іштен – антидене бөлшектері пайда болып, екеуі қосылғанда ағза реакция береді. Оны «цитокинді шабуыл» деп те атайды.
Мұнда генетика да маңызды рөл ойнайды, себебі әкесі немесе анасы аллергиямен ауырса – баланың аллергик болу ықтималдығы 15-30% аралығында болады. Ал егер әкесі де, анасы да қатар аллергиктер болса, баланың 60-70% дейін аллергияға бейім болу ықтималдығы бар. Бұл жерде нақты бірдей өнімдерге емес, бала ағзасының қалыптасуына қарай басқа да заттарға аллергия болуы мүмкін. Жаңа туған балада тамаққа аллергия (диатез) – атопикалық дерматит шыға бастайды. Ол жазылып кетуі де мүмкін, бірақ қазір есейгенше созылатын түрі де кезігеді. Диатез кеткен соң ол балада жусанға, шөпке аллергия болуы мүмкін. Оны емдемей жүре берсе, аллергия спектрі ұлғая береді.
− Генетика демекші, ұлттық деңгейде жалпы халыққа тән аллергия бола ма? Мәселен, қазақ халқының белгілі бір заттарға аллергиясы бар шығар?
− Қазақ, орыс деп ұлтқа бөлуге болмайтын шығар, дегенмен тұрып жатқан жеріміздің климаты құрғақ, мұнда жусан және басқа шөптер өте көп, қала көшелеріне де әсемдік үшін түрлі шөптер мен ағаштар көп егіледі. Оларды неше түрлі қоректі заттармен, химикаттармен суарады және агрессиялық қасиеттері көбейіп, біздің шырышты қабатымызға, терімізге түссе, аллергиялық реакция болуы мүмкін. Сондықтан жазда құрғақ ауа райында халқымызда өсімдіктерге аллергия көп кездеседі.
Одан кейін көптеген тұрғындар әлде ерінгеннен, әлде ақша шығындағысы келмегеннен өзін-өзі емдеумен айналысады. Дәрігерге емес, дәріханаға жүгіреді, рецептісіз препараттарды бейберекет қабылдай береді. Осының салдарынан дәрілік препараттарға аллергия көбейіп кетті. Жазғы уақытта дәріге аллергияның ауыр түрінен екі адам қайтыс болды. Өзін-өзі бағалайтын адам уақытын бөліп, ресурсын бөліп, бір рет диагнозын анықтап алып, әрі қарайғы өмірін жеңілдетуі керек деп есептеймін.
− Қазақ халқының ежелден мал шаруашылығына бейім, табиғатқа етене жақын болғанын білеміз, ал қазір керісінше жан-жануарға аллергия көбейді. Әсіресе, ит пен мысыққа аллергия неден пайда болады?
− Жоғарыда айтқанымдай, бала өмірге келгенде-ақ аллергияға бейім гені болуы мүмкін, анасының жүктілікте вируспен ауырғаны, препарат қабылдағаны да иммундық жүйесіне әсер етеді. Экологиялық мәселелер мен химиялық шабуылдар тағы бар. Сосын көпшілігіміз баланы таза ұстап, ыдыстарын стерильдеп, киімдерін үтіктеп, үстіне шаң қондырмаймыз. Бұл баланың бактериялармен қарым-қатынасын азайтады, инфекцияға иммунитеті төмен болады.
Бұрынғы қазақтар үй ішінде ит ұстамаған. Қазір жан-жақты өркениетті сіңіріп, отбасыда 1-2 бала туған соң, соларға серік болсын деп, мейірімді болсын деп ит-мысық әперетіндер бар. Сол иммундық жүйенің нашар жұмыс істеуінен, оның үстіне генетикалық тұрғыда аллергияға бейімділігі болса, жануарға да аллергия туындауы мүмкін.
Мысықтағы ең басты аллерген – оның жүні емес, сілекейі. Қазір молекулярлық тест арқылы мысықтың сілекейіне ме, зәріне ме, қайызғағына ма, терісіне әлде жүніне аллергия барын нақты анықтауға болады. Және ол емделетін нәрсе, жануардың басты аллергендерінен жасалатын вакцина бар. Көп балалар жануарын қимай, басқаларға бергісі келмейді. Бұрын да аллергияны емдеу үшін жануарды 3-5 жылға басқа жаққа апара тұруға кеңес беретінбіз. Қазір ит пен мысықты үйде қалдыруға болады, бірақ қатты жақындатпай, емді жүргізуге болады.
− Тағамдарға аллергия мәселесі де өте өзекті болып отыр, ол қалай емделеді? Сосын қызыл, сарғыш түсті жеміс-көкөністер аллергияны қоздырады деген ұғым рас па?
− Қазір тағам аллергиясына ем-дом жүргізілмейді, тек қана жақпаған өнімдерді шектеп, рационнан алып тастау керек. Кішкентай балаларда көбінесе сиырдың сүтіне, жұмыртқаның ағына, балыққа, теңіз тағамдарына, глютенге аллергия болады. Бұл 4-5 жасқа дейін көбінде кетіп қалады, ал кейбірінде жасөспірім, ересек кезінде де мазалайды.
Ересектер арасында жусанға аллергиясы бар адамда қауынға, қарбызға, күнбағыс шемішкесіне, түрлі дәндерге де тоғыспалы аллергия болады. Қайыңға аллергиясы барларың ағзасы – сәбіз, қырыққабат, киви, авокадо, банан, алманы қабылдамауы мүмкін. Сосын қайыңға аллергиясы барлардың ағзасы резеңке, латекс бұйымдарына да реакция көрсетуі мүмкін. Жалпы тағамға аллергия балаларда да, ересектерде де жиі кездесуде.
Оған қоса, аллергияға еш қатысы жоқ, туабітті ферменттердің жетіспеуінен тамақты ағза қабылдамайтын аурулар да болады. Мәселен Целиакия – тұқым қуалайтын, глютенді қабылдай алмайтын ішекпен байланысты ауру. Ересектерде ұйқы безі, бауыры ауырады, өт тұрып қалады, үлкен дәретке шыға алмайды. Осылайша ішек жұмысының бұзылуынан қосалқы тағам аллергиясы туындайды. Мысалы өттің жетіспеуінен тамақ қорытылмай, денеге үлкен бөлшектері түсіп, токсиндік әсер беріп, денеде қышыма пайда болады. Одан кейін паразиттер де өте көп, олар ағзаға түссе, тамаққа аллергия туғызуы мүмкін.
Ал қызыл, сарғыш түсті жеміс-көкөністерде – мәселен құлпынай, таңқурай, саңырауқұлақ, қызанақ, цитрус жемістерінде гистамин көп. Аллергиямен ауырғандардың ағзасында да гистамин мөлшері көп болады. Сондықтан, оларды шамадан көп жеп қойса және аллергия кезінде жесе, ауруды қоздырып жібереді. Сондықтан аллергиямен келген адамдарға жеуге болмайтын тағамдар тізімін жазып береміз.
− Жалпы аллергиядан түбегейлі жазылу мүмкін бе?
− Өзін сыйлайтын дәрігерлер созылмалы аурудан құлан-таза емдеп жіберемін деп сенімді түрде айтпайды. Мысалы шөпке аллергиясы бар адамдарды қысқы айларда сол шөптің өзінен жасалған вакциналармен емдейміз. Оны қысқаша АСИТ деп атайды (аллерген-спецификалық иммун терапиясы). Осы арқылы аллергияның жеңіл түріне ауысуға немесе ұзақ уақытқа айығып кетуге болады. Яғни, аллергия 5-10 жылға жоғалуы мүмкін, кейін ағза эмоционалды стресске ұшыраса, жұмысы нашарласа, қайтадан пайда болуы мүмкін.
Қазір тұтас жер ғаламшарында аллергия күрделі мәселе болып отыр. Дамыған мемлекеттер аллергияның ауыр түрлерімен күресетін биологиялық емдер шығарып жатыр. Ол тәжірибелерді біз де қолданып жатырмыз, демікпе, атопикалық дерматит, есекжемнің ауыр түрлеріне биологиялық ем қолданып, адамдардың өмірін жеңілдетуге тырысудамыз. Біздің ең басты мақсатымыз – емдеу немесе аллергияны жеңіл түріне ауыстырып, әрі қарай асқындырмау.
− Сіздің дәрігерлік тәжірибеңізде есте қаларлық ерекше аллергиялар болды ма?
− Әрине, 31 жыл аллергология саласында жұмыс істеп келемін және аллергияның небір ауыр түрлерімен бетпе-бет келдік. Үсті-басын түгел атопикалық дерматит басқан пациентті емдегенім есімде. Ол туғанда тамаққа аллергиясы басталған және өсе келе жануарларға аллергия біліне бастаған, ауруы асқынып, етке де, сүтке де, шөпке де реакциялар туындаған. Бізге келгенде өмірге құлшынысы азайған, өз жасынан әлдеқайда кәрі көрінетін еді. Биологиялық ем арқылы науқастың терісін қалпына келтіруді бастадық және үш айдан кейін үстіндегі жарасы толық жазылып, жап жас жігіт екенін көрдік. Ол әлі де кезең-кезеңімен препараттар қабылдап, ағзасын бір нормада ұстап жүр. Бұл жерде дұрыс ем тағайындау арқылы науқастың өмір сапасын жақсарттық.
Сосын жаңадан пайда болған ASIA синдромы (Autoimmune Syndrome Induced by Adjuvants) жөнінде айтқым келеді. Бұл ағзаға адъювантты заттарды енгізуге жауап ретінде аутоиммунды реакциялар кешені. Әсіресе сұлулық процедураларында ерніне, төсіне силикон енгізгенде аллергиялық реакция болады. Көптеген әйелдердің денсаулығына зақым келіп, пластикалық хирургпен соттасып жатады, ал шын мәнінде бұл өз ағзасының бөгде заттарға реакциясы болуы мүмкін. Маған да ерні ісіп, жараға айналған науқас келді, ем-дом шараларын жүргіздік. ASIA синдромы 2011 жылдан бері айтыла бастады және қазір халықаралық классификацияға енгізілді.
− Қазақстандағы басқа аллерголог әріптестеріңізбен бас қосып тұрасыздар ма, елімізде аллергия бойынша қандай статистика бар?
− Мен жұмыс істей бастағанда, 1992 жылдары халықтың 5-15 пайызы аллергиямен ауырады деген статистика болатын. Ал қазір бұл көрсеткіш 60 пайыздан асып кетті және жыл сайын науқастар көбейіп отырады, оған жаңа туған балалардың саны қосылады. Оның ішінде есепке алынбағандар, дәрігерге қаралмайтындар бар. Келіп жатқан адамдар санына, отбасындағы ауырып жүрген адам санына қарай, науқастар саны 60 пайыздан да көп деп ойлаймын.
Қазақстанда Аллергологтар және клиникалық емдеуші иммунологтардың қауымдастығы жұмыс істейді. Мен сол ұйымның мүшелігінде бармын. Сосын Еуропалық аллергологтар мен иммунологтар қоғамы бар. Олар жыл сайын конгресс өткізіп, емдеу нәтижелері, статистикалар, жаңа аллергендер, диагностикалық шаралардың бәрімен таныстырып отырады. Соңғы 3-4 жылда мен де сол конгресске барып, өз тәжірбеммен бөлісіп, баяндама оқимын. Биылғы конгресс маусым айында Германияның Гамбург қаласында өтті, сонда да өз тәжірибеммен, клиникалық жағдайлармен бөлісіп, өзіме де жаңа білім, тәжірибе алдым. Жыл сайын он шақты конференциялар өтеді, сол арқылы біліктілік деңгейімізді көтеріп отырамыз.
− Сұхбатыңыз үшін көп рахмет!
