Алматы әкімдігі биыл 30 жауапсыз мердігерді сотқа берген
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда тексеріс нәтижесінде инженерлік инфрақұрылым бойынша бірнеше мердігер лицензиясынан айырылды.
Алматы қаласы әкімінің орынбасары Алмасхан Сматлаевтың айтуынша, талаптардың жүйелі түрде бұзылуына жол берген «AsiaMax» ЖШС, «СК 7 Строй» ЖШС, «Энерджи-Тараз» ЖШС, «Алатау сапа құрылыс» ЖШС және өзге де мердігер ұйымдар лицензиясынан айырылды.
— Жүйелі тексеріс пен жоспардан тыс бақылау нәтижесінде сапа мен нормативтік талаптардың сақталуын қамтамасыз етпейтін компаниялардың қала жобаларында жұмыс істеуге құқығы жоқ деген қатаң шешім қабылданды, — деді ол.
Одан бөлек Алмасхан Сматлаев жауапсыз мердігерлерге қатысты 30 талап-арыз дайындалып, сотқа жолданғанын атап өтті.
— Тиісті рұқсатсыз немесе белгіленген нормаларды бұза отырып жүргізілген жұмыстар қатаң әкімшілік шаралар арқылы тоқтатылады. Бұл - айыппұл, қызметті тоқтату, келтірілген шығынды өтеу, келісімшарттарды бұзу және лицензиядан айыруға дейін жетуі мүмкін, — деді қала әкімінің орынбасары.
Еске салайық, бұған дейін Алматы бірнеше құрылыс компаниясы мен техникалық қадағалау ұйымдары лицензиясынан айырылғанын жазғанбыз.