Алматы әуежайында есірткіге масайған ұшқышқа қатысты қылмыстық іс қозғалды

вьетнам
Фото: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Алматы қаласының әуежайында есірткіге масайған Air Astana әуекомпаниясының ұшқышына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Ішкі істер министрінің орынбасары Айдос Рысбаев мәлім етті. 

«Осыдан 1 апта бұрын ірі әуе компанияның ұшқышы ұсталды, ол есірткі қолданған. Жалпы әуе, теміржол, қоғамдық көлік тасымалы саласында қанша адам есірткіге тәуелді? Олардың тізімі бар ма? Олармен қандай жұмыс жүргізіліп жатыр? Нақты нендей нормаларды қарастырып отырсыздар?», - деген сұрақ қойды Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова. 

Сауалға Ішкі істер министрінің орынбасары Айдос Рысбаев жауап берді. 

«Есірткі қолданып ұсталған ұшқышқа қатысты қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары аяқталғаннан кейін қосымша ақпарат береміз. Жалпы ұшқыштар, жүргізушілер рейске шығар алдында медициналық тексеруден өтеді», - деді Айдос Рысбаев депутаттың сауалына жауап бере отырып. 

Еске сала кетейік, сәуірде Алматы әуежайында есірткіге масайған Air Astana әуекомпаниясының ұшқышы ұсталған еді. 

Айта кетейік, бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Жұлдыз Сүлейменова есірткінің QR код арқылы таралып жатқанын айтты.

Соңғы жаңалықтар