Алматы әуежайында кепілге алу ісі: сот қайта басталды
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы әуежайында адамды кепілге алу ісі бойынша сот қайта басталды.

Түрксіб аудандық сотында Машрапбек Баратовқа қатысты қылмыстық істі қарау қайта басталды. Сотқа дейінгі тергеуге қайтарылған іс бүгін жалпы тәртіпте өтіп жатыр. Сотқа судья Анар Қарашева төрағалық етіп отыр.
Қайта тергеудің нәтижесі бойынша қылмыстың саралануы өзгеріссіз қалды. М.Баратовқа ҚР ҚК 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық), 261-бабы 2-бөлігі 4-тармағы (кепілге алу) және 273-бабы (терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау) бойынша айып тағылды. Сонымен қатар сотқа дейінгі тергеу барысында Мұса Әбдірайым ҚР ҚПК-нің 71-бабына сәйкес жәбірленуші деп танылды.

Сот барысында көлік прокуратурасының прокуроры Алмас Бертаев айыптау актісін оқыды. Іс материалдарына сәйкес, 2025 жылдың 7 наурызында Машрапбек Баратов жұмыссыздық пен жиналып қалған қарыздарына байланысты қиындық көріп, Алматы халықаралық әуежайына автобуспен келген. Әуежай аумағында жүріп, шамамен сағат 11:00-де ғимаратқа кіріп, екінші қабатқа көтеріліп, жолаушылар тіркелетін залға өткен.
Прокурордың айтуынша, бақылау бекетінде Баратовты тексеру қызметінің инспекторы Ботагөз Мұхатырова (жәбірленуші) тоқтатып, әрі қарай өту үшін отырғызу талоны мен жеке куәлігін көрсетуді сұраған. Құжаттарының жоқ екенін біле тұра, Баратов тексеру қызметінің инспекторын кепілге алып, өзін ұшаққа кіргізуге мәжбүрлемек болған.
– Қоғамдық тәртіпті бұзып, жолаушылар мен басқа адамдардың тоқтатуға тырысқанына қарамастан, тексеру қызметінің инспекторы Мұхатырованы ұстап, оның шашынан тартқан. Оң қалтасынан пышақ алып, қоғамға ашық түрде құрметсіздік көрсетіп, пышақ қолданамын деп қорқытып, Мұхатыровамен бірге ұшу аймағына қарай жылжи бастаған, – деді Алмас Бертаев.

Баратов кепілге алынған адамды «тірі қалқан» ретінде пайдалануға болатынын түсініп, пышақты оның мойнына тақап, талап қоя бастаған: өзіне жақындамауды, күш қолданбауды және қаруды тастауды талап еткен. Егер бұл талаптар орындалмаса, әуежай ғимаратын жарып жіберемін деп қорқытқан. Сотталушы тоқтатуға Мұса Әбдірайым және әуежай қызметкерлері көмектескен.
Еске салайық, биыл 7 сәуір күні Түрксіб аудандық сотында Алматы әуежайында қызметкерді кепілге алған Машрапбек Баратовқа қатысты сот отырысы басталды.
Сотталушы ҚК-нің 261-бабының 2-бөлігінің 4-тармағымен тағылған айып бойынша кінәсін мойындамады. Сондықтан Түрксіб аудандық соты күдіктіге қатысты сотқа дейінгі жеделдетілген іс жүргізу ісін жалпы тәртіпте сотқа дейінгі тергеп-тексеру үшін прокурорға қайтарды.
Айта кетейік, 7 наурыз күні Алматы әуежайында ер адам қызды кепілге алып, көпшілік алдында пышақ кезенді.
Мұса Әбдірайым күдіктіге өзін кепілге ұсынып, қызметкердің орнына тұрған. Ер адам тәртіп сақшыларымен келіссөзге алаңдаған тұста ол күдіктінің қолындағы пышақты жұлып алды.