09:39, 10 Қаңтар 2025 | GMT +5
Алматы әуежайында жоғалған заттар аукционда сатылады — фейк
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Әуежайда жоғалған жүктердің сатылымға шығатыны туралы ақпарат жалған. Бұл туралы Алматы әуежайы хабарлады.
Алматы халықаралық әуежайы жоғалған жүктердің аукционда сатылып жатқаны туралы әлеуметтік желідегі мәліметке сенбеуге шақырды.
— Әуежай ешқандай аукцион өткізіп жатқан жоқ. Егер сіз жоғалған жүктер сатылымы жөнінде жарнама көрген болсаңыз, сілтемесін бізге жіберіп, ол парақшаға шағымдануларыңызды сұраймыз. Мұқият болып, алаяқтардан сақ болыңыз, — деп хабарлады әуе айлағының баспасөз қызметі.
Еске салайық, бұған дейін Алматы — Анталья бағытындағы ұшақ ақауына байланысты Ақтау әуежайына қонғанын жазғанбыз.
Сондай-ақ Алматы әуежайы ауа райына байланысты жолаушыларға жүгінген болатын.