Алматы-Қаскелең арасындағы кептеліс: 4 жолақты жолдар қашан салынады
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы маңындағы кептеліс мәселесі алдағы жылы қалай шешіледі? Kazinform тілшісі анықтап көрді.

Алматыға күн сайын облыстан мыңдаған көлік кіреді. Бұл қала кіреберісіндегі жолдарда күнделікті ұзын-сонар кептелістің қалыптасуына әкеледі. Солардың бірі — Алматы-Бішкек автожолы, оның ішінде Қаскелең мен Алтын орда арасындағы аумақты ерекше атап өтуге болады.
Бұл мәселенің қозғалып жүргеніне аз уақыт болған жоқ. Былтыр «Алтын Орда» маңындағы кептелісті жою үшін қандай жұмыстар істелетінін жазғанбыз.
Алайда ол уақыттан бері автожолда айтарлықтай өзгеріс болған жоқ. Сондықтан ҚазАвтоЖол Алматы облыстық филиалына сауал жолдап, 2026 жылы нақты не істелетінін сұрадық.
— Қазіргі уақытта апаттық жағдайлар санын төмендету және кептелісті азайту мақсатында республикалық маңызы бар «Алматы-Бішкек» автомобиль жолының 19-27 км (Қаскелең — Үлкен Алматы автомобиль айналма жолы) учаскесін күрделі жөндеу жобалау-іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы жоба аясында қозғалыс жолақтарын 4-тен 8-ге дейін кеңейту, «таға» типті екі көлік айрықтары, сондай-ақ жерүсті жаяу жүргіншілер өткелі құрылысы қарастырылған, — деп хабарлады ҚазАвтоЖол.
Ресми жауапқа сәйкес, жобалау-іздестіру жұмыстарын аяқталу мерзімі — 2025 жылдың желтоқсан айы, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алу — 2026 жылдың ақпан айына көзделген.

— 2026 жылға қаржы қарастырылған жағдайда құрылыс-монтаждау жұмыстарына мердігер мекеме анықтау мақсатында байқау жарияланытын болады. Аталған жобаны жүзеге асыру үшін құрылыс-монтаждау жұмыстары кезінде қозғалысқа шектеу қойылмайды, көлік қозғалысы кезек-кезеңімен бір бағытпен ұйымдастырылады, — делінген жауапта.
Сонымен қатар компанияның Алматы облыстық филиалы кептелістерді азайту және көлік қозғалысын реттеу қазір жаңа бағдаршамдарды орнату жұмыстары жүріп жатқанын атап өтті.
Еске салайық, бұған дейін Kazinform тілшісі Ұзынағаш пен Алматы арасында қарбалас уақыттарда жол жүріп, кептеліс мәселесін өз көзімен көріп қайтты.