Алматы қорығында күшіктерін ерткен ілбіс фототұзаққа түсті
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы мемлекеттік табиғи қорығының шатқалдарына орнатылған фототұзақтарға ілбістің күшіктері бірнеше рет түскен.
Алматы қорығы табиғаттың тылсым тіршілігінен сыр шертетін ерекше кадрлармен бөлісті. Онда ілбістің күшіктері бір-бірімен алаңсыз ойнап, анасының қимылын қайталап, аңшылыққа қажет дағдыларды үйреніп жүргенін көруге болады.
— Ілбіс немесе қар барысы — Қазақстанның Қызыл кітабына енген, саны азайып бара жатқан жыртқыш. Оның аландарымен бірге фототұзаққа түсуі — қорық аумағында жабайы табиғи ортаның сақталғанын және жануарларға қолайлы жағдай бар екенін көрсетеді, — деп хабарлады табиғи қорық баспасөз қызметі.
Еске салайық, Іле Алатауы ұлттық паркі 30 жылда ілбіс санын төрт есе көбейтті.
Бұған дейін Катонқарағай ауданында 4 ілбіс фототұзаққа түсіп қалды.