Алматы мен Жетісу облыстарынан есірткі зертханалары табылды - ІІМ
АЛМАТЫ. KAZINFORM - Алматы және Жетісу облыстарында есірткі зертханалары жойылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ішкі істер министрлігі 1Заң мен Тәртіп1 қағидаты негізінде жұмыстарды жүргізіп жатыр.
Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл қызметкерлері Талдықорған қаласында және Алматы облысының Қарасай ауданында синтетикалық есірткі өндіретін екі зертхананы жойды.
Атап айтқанда, Талдықорған қаласының шет аймағындағы жеке үйлердің бірінде синтетикалық есірткіні ірі көлемде дайындауды ұйымдастырған 30 жастағы күдікті есірткі дайындау барысында қолға түсті. Оқиға орнынан 20 келі мефедрон, конструкторлық жабдықтар, магнитті араластырғыштар, химиялық реагенттері бар пластик канистрлер және 800 келі прекурсор тәркіленді.
Қарасай ауданында есірткі өндіруге қатысы бар 25 жастағы тұрғын және оның бірге тұратын серіктесі ұсталды. Тұрғын үйден 1,5 келі мефедрон, зертханалық жабдықтар және 20 литр прекурсор алынды.
Аталған деректер бойынша Қылмыстық Кодекстің 297-1-бабы 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Есірткі өндірісін ұйымдастырушылар өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Жамбыл облысында есірткі таратумен айналысып келген төрт адамнан тұратын қылмыстық топ құрықталды. Тінту шаралары барысында ұсталғандардың тұрғылықты мекенжайларынан 107 келі марихуана, 2 келі гашиш, 63 грамм каннабис шайыры тәркіленді.
Топтың барлық мүшелері уақытша ұстау изоляторына қамалды.
- Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті ел аумағында есірткі өндіруге қатысты әрекеттердің жолын қатаң түрде кесетін болады. Бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасады, - делінген хабарламада.
Осыған дейін Түркістан облысында есірткінің заңсыз айналымына қатысты 130-дан астам қылмыс анықталғаны туралы жаздық.