Алматыда 17-18 мамыр күндері «Музей түні» өтеді

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда халықаралық музей күні қарсаңында «Музей түні» акциясы өтеді.

музей
Фото: Александр Павский / Kazinform

1978 жылдан бастан 18 мамыр күні бүкіл әлем музей қызметкерлерінің кәсіби мерекесін атап өтеді. «Музей түні» акциясы алғаш рет 1997 жылы Берлинде ұйымдастырылған, 2005 жылдан бері Қазақстанда да өтіп келеді.

Биыл мерекелік бағдарлама 16 мамыр күні Алматы музейінде Венгрияның Бас консулдығымен бірлесіп қолға алған «Матьо халық өнері – венгр мәдениетінің мұрасы» атты халықаралық көрменің ашылу салтанатымен басталады. Бұл көрме Қазақстанда алғаш рет өткелі отыр.

Одан кейін Қазақстан Орталық мемлекеттік музейінде 17 мамыр күні мәдени мереке — «Музей түні – 2025» акциясы өтеді. Музей қабырғасында 18:00-ден 23:00-ге дейін мазмұнды бағдарлама көрермендер назарына ұсынылады.

– Іс-шара барысында Шоқан Уәлихановтың 190 жылдығына, Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына, сондай-ақ музыкатанушылар Ахмет Жұбанов пен Ғазиза Жұбанованың мұрасына арналған көрмелер мен танымдық дүниелер өтеді. Одан бөлек Мәншүк Мәметова мен Боран Нысанбаевтың мемориалдық музейлері қатысатын «Музей шеруі» ұйымдастырылады, – дейді ҚР Орталық мемлекеттік музейі директорының міндетін атқарушы Сержан Бараханұлы.

Мерекелік бағдарлама аясында музейдің ғылыми кітапханасында «Білім жүйесін дамыту», «Отбасы хрестоматиясы» атты кітап жәрмеңкесі, сондай-ақ «Өнердің құдіретті күші» атты қолөнер шеберлерінің көрме-жәрмеңкесі ұйымдастырылады.

– Халықаралық музей күні аясында Иран Ислам Республикасының Алматыдағы Мәдени өкілдігі «Иранның дәстүрлі мәдениеті мен өнері» атты көрме өткізеді. Қонақтар парсы каллиграфиясымен танысып, Исфаһаннан арнайы келген шеберлер — Нафиса Оруджи, Мәриям Жафари және Хоссеин Хушбатенмен тікелей тілдесе алады, – деп толықтырды Сержан Бараханұлы.

Сонымен қатар келушілерге реставрация бойынша шеберлік сағаттарға қатысу, ғылыми интерактивтерге араласу, музей квесттері мен танымдық ойындарға қатысу мүмкіндігі де ұсынылады.

Ал 18 мамырда Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде дәстүрлі «Музей түні - 2025» мәдени-білім беру акциясы сағат 14:00-ден 00:00-ге дейін өтеді. Кештің тақырыбы — «Өзгермелі әлемдегі дәстүр мен заманауилық».

Бағдарлама екі бөлімнен тұрады. Балаларға арналған «Музей күні» - бұл уақыт аралығында кішкентай қонақтар мен отбасылар үшін шеберлік сағаттары, «Арт- шеберханамен» квест-ойындар ұйымдастырылады. Екінші, «Музей түні» бағдарламасы - келушілер назарын театрландырылған музыкалық және би көріністері, перформанстар, авторлық экскурсиялар, лекциялар мен ерекше тосынсыйлар күтеді.

Сағат 17:00-ден бастап музей қабырғасында қазақ және орыс тілдерінде экскурсия жүргізіледі. 19:00-00:00 аралығында классикалық музыка, хореография, сахналық көрсетілім кіретін концерттік бағдарлама басталады.

Сондай-ақ 18 мамыр күні сағат 10:00-ден бастап түнге дейін Алматы қаласының музейлер бірлестігіне кіретін 7 музей алматылықтарды тегін қабылдайды:

- Алматы музейі;

- Ықылас атындағы Халық аспаптары музейі;

- Д.А. Қонаев музейі;

- С. Мұқановтың музей-үйі;

- Ғ. Мүсіреповтың мүзей-үйі;

- Ахмет Байтұрсынұлының музей-үйі;

- Мультимедиялық дәстүрлі музыка орталығы.

Еске салайық, былтыр Алматыда «Музей түні» қалай өткенін жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар