Алматы облысында 11 айда 10,5 тонна есірткі тәркіленді

ҚОНАЕВ. KAZINFORM — 2025 жылдың 11 айында Алматы облысы аумағында есірткіге қатысты 204 құқықбұзушылық анықталған.

Петропавл тұрғыны синтетикалық есірткі таратқаны үшін 7 жылға сотталды
Фото: polisia.kz

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, биыл 112 қылмыс және 92 құқықбұзушылық тіркелген. Оның ішінде: есірткіні сату және сақтау, есірткі құрамдас өсімдіктерді заңсыз өсіру, сондай-ақ тыйым салынған заттарды дайындау, өңдеу және насихаттау деректері бар. Сотқа 108 қылмыстық іс жолданған.

— Полиция қызметкерлері заңсыз айналымнан 10,5 тоннадан астам түрлі есірткі заттарын тәркіледі. Оның ішінде синтетикалық есірткілер, марихуана, гашиш, героин, сондай-ақ жабайы өскен қарасораның ірі көлемдері бар. Сонымен қатар Жамбыл және Талғар аудандарының аумағында синтетикалық заттар өндірумен айналысқан екі есірткі зертханасы жойылды, — деп хабарлады департаменттен.

Одан бөлек «Кибернадзор» жүйесінің көмегімен есірткі саудасы туралы ақпарат таратқан 1 986 сайт және «Антифрод-орталығы» арқылы жалпы сомасы 97,6 миллион теңгеден асатын қаржылық операциялар бұғатталды.

Сондай-ақ өңірде есірткі құралдарының заңды айналымын бақылауға бағытталған «Дармек» жедел-профилактикалық іс-шаралары барысында 41 құқықбұзушылық анықталған.

Еске салайық, бұған дейін Алматы әуежайында шетел азаматы 3 келі есірткімен ұсталды.

Соңғы жаңалықтар