Алматы облысында 30 үйдің ауласы су астында қалды

ҚОНАЕВ.KAZINFORM — Алматы облысында төтенше жағдайға байланысты жедел штаб құрылды.

Алматы облысында 30 үйдің ауласы су астында қалды
Фото: Видеодан алынған скрин

Бүгін сағат 08:25 шамасында Ұзынағаш ауылында сүзгі алқаптарының қорғаныс бөгеті бұзылған. Нәтижесінде 30 тұрғын үйдің ауласы су астында қалды.

Облыс әкімдігінің мәліметінше, оқиға орнына Алматы облысы әкімінің орынбасары Әсет Масабаев пен облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы аттанған.

— Қосымша су басу қаупінің алдын алу және салдарын барынша азайту мақсатында қорғаныс бөгеттерін нығайту, сондай-ақ ағынды суларды тұрғын үйлерден бұру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Төтенше жағдайдың салдарын жою үшін 5 арнайы техника жұмылдырылып, қосымша тағы 5 техника шақырылды. Жұмысқа 15 маман қатысып жатыр, — деп хабарлады әкімдіктен.

Еске салайық, бұған дейін Алматы облысында су басу қаупі жоғары 13 учаске анықталғанын жазғанбыз. 

Видео: Алматы облысының әкімдігінен

Соңғы жаңалықтар