Алматы облысында биыл 505 өрт оқиғасы болып, 13 адам қайтыс болды

ҚОНАЕВ. KAZINFORM — Алматы облысында жыл басынан бері 505 өрт оқиғасы тіркелді. Алматы облысы ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Самат Кенжеханның айтуынша, бұл өткен жылмен салыстырғанда 10%-ға жоғары көрсеткіш.

өрт
Фото: Жамбыл облысы ТЖД

Спикер жыл ішінде өрт салдарынан 13 адам қаза тауып, 5 адам жарақат алғанын атап өтті. Өрттердің басым бөлігі тұрғын үй секторында орын алған. Төтенше жағдайдың негізгі себептері: электр жабдықтарын дұрыс пайдаланбау, тұрмыстық техникаларды қолданудағы қателіктер және пештерді орнату мен пайдалану кезіндегі бұзушылықтар.

— Департамент өрт қауіпсіздігін арттыру мақсатында ауқымды алдын алу шараларын жүргізіп жатыр. 15 тамыз бен 15 қыркүйек аралығында 3743 үйге тексеру жүргізілді. Нәтижесінде 459 үйде өрт қауіпсіздігі ережелерінің бұзылғаны анықталып, оның 409-ы сол жерде жойылды. Жылыту маусымында 855 үйге 664 көміртегі тотығын анықтайтын датчик пен 191 түтін детекторы орнату жоспарланған. Біздің басты міндетіміз — азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, - деді Самат Кенжехан.

Еске салайық, бұған дейін ШҚО-да мұқтаж отбасылар тұратын 1300-ден астам үйде өрт қауіпсіздігі ережелері сақталмағанын жазғанбыз.

Сондай-ақ үйден өрт шыққан жағдайда не істеу керек екенін жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар