Алматы облысында құрылысына 1,6 млрд теңге жұмсалған мәдениет үйі қашан іске қосылады

ҚОНАЕВ. KAZINFORM - Алматы облысы Іле ауданында бірнеше жылдан бері мәдениет үйінің құрылысы бітпей келеді.

Мәдениет үйі
Фото: «AMANAT» партиясы Алматы облыстық филиалы

Жыл басында Өтеген батыр ауылындағы 400 орындық Мәдениет үйінің құрылысы 2022 жылы басталып, 2025 жылға дейін тек жартылай ғана аяқталғанын жазғанбыз.

Мәдени нысанның құрылысы қазір қандай сатыда екенін анықтау үшін агенттік жауапты ведомствоға сауал жолдады.

Алматы облысы құрылыс басқармасының жауабына сәйкес, Өтеген батыр ауылында мәдениет үйінің құрылысы 80 пайызға аяқталған. Қазіргі таңда ішкі, сыртқы әрлеу және абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мердігер ұйым - «AK Construction Company» ЖШС.

- Осы жылдың қыркүйек айында аталған мәдениет үйін қолданысқа беру жоспарланып отыр, - деп нақтылады басқармадан.

Ресми жауапқа сәйкес, мәдени нысанның құрылысына 2022 жылы 147,8 млн теңге, 2023 жылы 857,6 млн теңге, 2024 жылы 225,02 млн теңге, 2025 жылы 386,95 млн теңге жұмсалған. Облыстық құрылыс басқармасы нысандағы жұмыстардың бірнеше жылға созылуына алғашқы жобада қателіктердің кетуі себеп болғанын хабарлады.

- Өтеген батыр ауылындағы 400 орындық мәдениет үйінің құрылысының бірнеше жылға созылып кетуінің себебі - жобалау-сметалық құжаттамаға түзету енгізу керек болды. Жобалау барысында құжаттағы кемшіліктер және үшінші техникалық қабатты пайдалану үшін жұмыс жобасы түзетілді, - деп түсіндірді ведомстводан.

Сондай-ақ басқарма жауабында нысанның құрылысы созылып кетуіне кінәлі тұлғалар, сол кездегі бөлім басшылары қызметтен босатылғаны атап өтілді.

Жалпы Өтеген батыр ауылынан бөлек қазіргі уақытта облыста 4 мәдениет үйінің құрылысы жүріп жатыр. Олар: Кеген ауданы Жылысай ауылы, Қарасай ауданы Жандосов, Әйтей ауылдары, Іле ауданы Боралдай ауылы.

Еске салайық, бұған дейін Алматы облысында биыл қанша жаңа мектеп ашылатынын жазғанбыз.

 

Соңғы жаңалықтар