Алматы облысында Нью-Йорк киноакадемиясы филиалы мен «Атлетико Мадрид» футбол академиясы ашылды
ҚОНАЕВ. KAZINFORM — Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев өз өңіріндегі білім, спорт және креативті индустрияны дамыту бағытындағы бастамаларды таныстырды.
Әкімнің айтуынша, жастардың шығармашылық әлеуетін көтеру мақсатында Қаскелеңде Нью-Йорк киноакадемиясының филиалы ашылған. Бұл өңір үшін маңызды мәдени және білім беру қадамы болды.
— Академия 200 студентке арналған, оқу америкалық бағдарлама бойынша бес бағытта жүргізіледі: киноөндіріс, сценарий және актерлік шеберлік, ойын дизайны, 3D-анимация. Қазір академияда 60 студент білім алып жатыр, олардың арасында Африка және Еуропа елдерінің азаматтары да бар, – деді Марат Сұлтанғазиев Орталық комммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.
Сонымен бірге, халықаралық деңгейде спортшылар дайындауға бағытталған «Атлетико Мадрид» футбол академиясы жұмысын бастаған. Бүгінде мұнда Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген 113 оқушы білім алып жүр.
Одан бөлек, Сүлеймен Демирел университетінде демеушілер қолдауымен салынған жаңа инновациялық корпус өз жұмысын бастады. Жасанды интеллект және цифрлық технологиялар бағытында оқыту мен зерттеулер жүргізуге арналған заманауи орталықта 1 100 студент білім алып жатыр.
Бұған дейін облыс әкімі өңірдегі үш ауысымды мектептер мәселесі қалай шешіліп жатқанын түсіндірген еді.
Жыл басынан бері Алматы облысына 2,2 млн турист келді. Олар Көлсай, Қайыңды, Қапшағай орындарына барған.