Алматы облысында студенттер метеоспутник ұшырды
ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM – Алматы облысында Конституцияның 30 жылдығына орай студенттер метеоспутникті әуеге көтерді, деп хабарлайды ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі.

Satbayev University базасында «AlfaSat-SU» форматындағы 1U метеоспутнигін ұшыру бойынша ғылыми экспедиция өтті. Іс-шараны университеттің Ақпараттық және ғарыштық технологиялардың ұлттық ғылыми зертханасы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың қатысуымен ұйымдастырды. Эксперимент тамыз айының соңында Іле ауданының Ақши ауылында жүзеге асты.
AlfaSat-SU метеоспутнигі қысым, температура және ылғалдылық датчиктерімен жабдықталды. Ол 6,5 шақырым биіктікке көтеріліп, қажетті метеорологиялық деректерді жинап, кейін парашют арқылы жерге сәтті оралды.
Мамандардың айтуынша, құрылғыны әскери мақсатта да қолдануға болады. Атап айтқанда, төмен биіктікте ұшуды қамтамасыз ету, баллистикалық траекторияларды есептеу және байланыс жүйелерін оңтайландыру мүмкіндігі бар.
Жоба студенттер үшін тәжірибелік алаңға айналды. Ұшырылым нәтижесінде жиналған деректер компьютерлік модельдеу қорытындыларымен салыстырылады. Сонымен қатар олар оқу бағдарламаларына енгізіліп, болашақта ғылыми мақалалар мен гранттық зерттеулерге негіз болады.
Айта кетейік, атом энергетикасы саласына кадр дайындау мәселесі шетелдік ЖОО-мен бірлесе шешіледі.